ТҰРАР СӘТТАРҚЫЗЫ: «ҚАРА ШАҢЫРАҚ ШАЙҚАЛЫП ТҰР!»

деп дабыл көтерген аға сөзі Тұрар Саттарқызын праймеризге қатысуға итермеледі

 

Мемлекеттен дотация алған балабақша тәрбиесі қандай?

 

– «Nur Otan» өткізгелі отырған праймеризге қатысуға бел буыпсыз. Не үшін мұндай шешім қабылдадыңыз?

– Отанымның азаматы, қазақтың қызы, ана, қоғам белсендісі ретінде айналамда болып жатқан көп нәрсе мені алаңдатады. Қоғамда орын алып жатқан түрлі ахуал, адамгершілік құндылықтардың құнсыздануы, тұрмыстағы күйзеліс, отбасы институтының құлдырауы, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың етек жаюы, сыбайлас жемқорлық дертінің барлық салада белең алуы сынды рухани кеселдердің күн өткен сайын күшейіп келе жатқанына бей-жай қарай алмаймын.

Меніңше үнсіз қалу да қазіргі жағдаймен келісу. Мен бір Аллаға және өзіме сенген халқыма ғана сеніп бәйгеге түстім. Қазіргі үгіт-насихат уақытында менімен бірге шапқылап жүрген «нөкерлерім» де жоқ! Кейбіреулер бағдарламасын әркімге тапсырыспен жазғызып алып жатқанынан да хабардармын. Ал менің бағдарламам жылдар бойғы өз тәжірибемнен, жан жүрегімнен өткен ұлттық рухани құндылықтарды түлетуге бағытталған, пісіп-жетілген бағдарлама.

Белгілі мемлекет қайраткері, жазушы, рухани ағам, марқұм Мырзагелді Кемелдің «Қара шаңырақ шайқалып тұр, бауырларым» деген сөзі менің жаныма тыншу бермеді. Қара шаңырақ шайқалмасын деп ағаның сөзін өзіме аманаттай қабылдағаннан туған асыл мұратым мен ұлы мақсатымды жүзеге асырсам деп талпынғаннан туған ой, қабылданған шешім. Жалпы халық қалаулысы деген халықтың арасында жүріп, халық сөзін сөйлейтін адам болуы керек деп ойлаймын. Мәселені нөкері емес, өзі шешуі керек емес пе?!

Ұлтымыз қазақ, бабадан қалған кең байтақ жеріміз,тәуелсіз  Қазақ еліміз бола тұра, балаларын қазақ мектебіне бергісі келмейтін ата-аналар көбейді. Кейінгі кезде орыс сыныптары мен аралас мектептер саны артып келеді.Қазақ мектептерін менсінбейтін өзіміздің қара көздеріміз көбейіп келеді.Тәуелсіздік алғанымызға 30 жыл болады, ал біз әлі күнге дейін қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыра алмадық. Балаларымыз қазақ мектебіне барса да, аулада қазақша сөйлеген бала көрмейсің.

ӘРИНЕ, «ЖЕТІ ЖҰРТТЫҢ» ТІЛІН БІЛГЕН ЖӨН. БІРАҚ ӨЗ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕМЕГЕННІҢ ӨЗЕГІ ӨЗІМ (ҰЛТЫМ) ДЕП ӨРТЕНЕ ҚОЙМАС. СОНДЫҚТАН КЕШ БОЛМАЙ ТҰРҒАНДА, ҚАЗІРДЕН БАСТАП БАРЛЫҚ БАЛАБАҚШАЛАРДЫ ҚАЗАҚШАЛАНДЫРУ КЕРЕК. АРАЛАС МЕКТЕПТЕРДІ ЖОЮ КЕРЕК. ҰРПАҚТЫ ӨЗ ҰЛТЫНЫҢ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЕН ҚАЗІРДЕН БАСТАП «ҚАРУЛАНДЫРМАСАҚ», ЕРТЕҢ КЕШ БОЛАДЫ. ҚАЗІРДЕН БАСТАП МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛГЕ ДЕГЕН ҚАЖЕТТІЛІК ТУДЫРА АЛАТЫН КЕШЕНДІ ЖОСПАР ЖАСАЛУЫ ТИІС.

Өз басым ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек болмау керек деп жүрген адаммын. Мемлекеттен дотация алып отырған балабақшалар ұрпағымызды ұлттық рухани құндылықтармен тәрбиелеп жатыр ма? Осы тұрғыда біздің балабақшаларда этнопедогогтар жұмыс істеуі керек деп санаймын. Осы мамандық иелерін дайындауымыз керек.

 

1,5 млн жұрттың үштен бірі ажырасқан

 

– Иә, сіз көптен бері ұлт болашағы, ұрпақ қамы деп алаңдап, ойыңызды жасырмай айтып жүрсіз. «NurOtanда» нақты нені қолға алсам, (тындырсам) деп отырсыз?

– Жалпы, біз, тәрбие мәселесімен мемлекет болып айналысуымыз керек. «Отбасы және тәрбие» министрлігі құрылып, отбасылық құндылықтар, ұрпақ тәрбиесімен нақты, жоспарлы жұмыс жүргізуі керек деп ойлаймын. Ғұлама әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенін қай-қайсымыз білеміз. Біздің қоғамда бүгінде ұрпақ тәрбиесі ақсап тұр. Кейбір нәрсеге адамдардың еттері өліп, көздері үйреніп кеткені соншалықты, тіпті тіксінбейтін дәрежеге жетті. Міне, ең қорқыныштысы осы! Ал елді, Отанды, мемлекетті көркейтетін, ол – адам капиталы. Саналы, сапалы адам капиталы ғана  ертеңгі кемел мемлекеттің іргетасын қалайды емес пе?!

Кейінгі кезде шаңырақ көтерген жастардың ажырасуы жиілеп, жылдан-жылға көбеймесе, азаймай тұр. Ал жас  отбасыларымыз ажырасып, көтерген шаңырақтары шайқалып жатса, онда еліміздің болашағы қандай болмақ? Отбасында береке болмаған жағдайда адам қалайша мемлекеттік істерде пайдалы жұмыстар жасай алады? Мұндай отбасында тәрбиеленген ұрпақтың болашағы қалай болмақ?

ҚР  Ұлттық экономика  Министрлігі жанындағы статистика Комитетінің мәліметіне сүйенсек, соңғы он жылда отау тіккен 1,5 млн жұптың үштен бір бөлігі ажырасып кеткен. Ал отбасының жиі ойран болуы – қоғамға опа бермейді. Ажырасудың алуан себебі болғанымен, түп-төркін –  ұлттық тәрбиенің жоқтығында жатыр.Өркениетті елдердің көбінде тәрбие мемлекеттік деңгейде қолға алынған. Ерекше дамыған технологиясы әлемді аузына қаратқан Жапонияның экономикасы ең алдымен отбасы экономикасынан басталатын көрінеді.

– Соңғы кездері ажырасу мәселесімен «күрес» мақсатында «Татуласу орталықтары», «Жанұя», «Бақытты отбасы», «Дағдарыс орталықтары» тәрізді көптеген мекемелер ашылды. Олар сіз айтып отырған мәселелерді шешумен айналысуы керек қой…

– Әрине, елімізде мұндай рухани кеселдің салдарымен «күресетін» мекемелер көптеп ашылып жатыр. Бұлардың барлығы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты. Осы мақсатта қаражат бөлінеді. Түрлі қоғамдық ұйымдар гранттар ұтып алып, неше түрлі іс-шаралар өткізеді, бір реттік дәрістер, конференциялар өткізеді. Оның барлығынан ешқандай нәтиже жоқ. Содан бақытты болып кеткендер бар ма? Өкініштісі, олардың барлығы «болары болып, бояуы сіңген» нәрсемен «күресуде». Отбасы институтын сақтау үшін, түрлі келеңсіздіктермен күреспеуіміз керек, оның алдын алуымыз қажет.

Ал алдын алудың бір-ақ жолы бар! Ол –  ұрпақтың бойына ұлттық тәлім-тәрбиені, отбасылық құндылықты ерте жастан сіңіру. Өскелең ұрпақты отбасылық өмірге дайындау, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр сабақтары мектеп бағдарламаларына енгізілуі керек. Қазір Отбасы инстутының құнсыздануына АХАЖ-дың тек тіркеуші орган болып қалуы да әсер  етті деп ойлаймын. Қазір неке куәлігін дүкеннен зат сатып алғандай қолыңа ұстады, Сондықтан да АХАЖ бөлімінің мәртебесін көтеріп, қызметін кеңейту керек деп санаймын.

 

Праймериздің де «шикі» тұстары бар

 

– Өзіңіз де оқып, біліп отырған боларсыз. Праймериз туралы әралуан пікірлер айтылып жатыр. Біреулер бұл іріктеу «Nur Otan-ның» өмірін ұзарту үшін ғана жасалып жатқан кезекті шара дейді. Онанда «Nur Otanды» таратсақ, жақсы болар еді дейді. Бұл пікірге не айтасыз?

– Праймеризге қатысу жайлы ұсыныс түскенде көп ойландым. Шешімге келу оңай болмады. «Бірақ ұсынысты ой елегінен өткізіп, жан-жақты таразылап, қоғамды өзгерткім келсе, менің отбасымда, асханада шай ішіп отырып, билікке сын айтқан белсенділігімнен қандай пайда бар? Қоғамды, елді өзгертіп, халқыма пайдам тисін десем, неге өзгерісті өзімнен бастамаймын. Неге өзімнің ұстанымыма берік болып, қолымнан келгенше елімнің, халқымның болашағына қызмет етуге күш салмаймын» деп, шешімге келдім.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та өз Жолдауында «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет»,- деген болатын.

Азаматтық қоғамды қалыптастырудың бірден-бір жолы белсенді азаматтарды үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың жұмыстарына, саяси процестерге көбірек тарту. Қоғам белсендісі дегенді қоғамда, айналасында болып жатқан кез келген келеңсіз жағдайға бей-жай қарамайтын, Отаны мен халқының ертеңіне, ұрпағының болашағына алаңдайтын тұлғалар дер едім.

Әрине бұл праймериздің де мен үшін түсініксіз, «шикі» тұстары бар. Мәселен, біріншісі, сайлаушылар партия мүшесі болуы керек екен. Меніңше, бұл сайлаушының құқығын шектеу тәрізді. Мәселен, мені танитын, қолдайтын халықтың көбі «Nur Otan» партиясының мүшесі емес, бірақ олар мені қолдайды, өйткені істеп жүрген жұмысымды біледі. Екіншіден, дауысты белгілі бір ауданның партия бастауыш ұйымдарының мүшелері ғана береді. Бұл жерде де, әр мекемелері бастауыш партия ұйымының мүшелері өздерінен сайланып отырған үміткерге дауыс береді емес пе? Әрине жетілдірілмеген тұстары көп.

Қазір шын мәнінде елдегі жағдай күрделі. Шиеленісіп тұр десем артық айтқандық емес. Халықтың басым бөлігінің жағдайы қиын. Халық пен билік арасында диалог жоқ. Билікте жүргендер халыққа қызмет ету механизмінен жаңылды. Бір ғана COVID-19 биліктің маскасын шешті. Билік үлкен сынақтарға дайын емес екен. Қиын-қыстау кезеңде халық  жанын шүберекке түйіп, бір-біріне жанашыр болды. Тығырықтан шықты. Сонда біздің билігіміз қайда болды? Билік не істеді? Көз көрді.

Ендігі жерде билік халықтың сенімін қайтаруы керек. Меніңше, «Nur Otan» партиясы халықтың мұң-мұқтажын естіп, ашық болуыға ұмтылып жатыр. Ал партияішілік праймериз зор мүмкіндік. Егер осы жолы да «баяғы жартас, сол жартас» күйі қалып, баяғы «үндемес» депутаттар орындарын босатпаса, партияның алға жылжу мүмкіндігі сарқылады. Бұрынғыша «бітеу», «меңіреу» саясат «Nur Otan» партиясына енді ешқандай абырой әпермейді. Мен анамын, қоғамның эволюциялық жолмен өзгеруін қалаймын. Болашағымыз үшін қантөгістің де, төңкерістің де қажеті жоқ. Ал бұл праймериз «Nur Otan» партиясының халық сенімін қайтару үшін жасап жатқан мүмкіндігі дер едім. Праймеризде халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын, халықпен тіл табыса алатын, сөзі мен әрекеті сай, адал,  белсенді әрі бастамашыл, шын мәнінде ел болашағын кемел етсем деген үміткерлер жеңіп шықса ғана «Nur Otan» партиясы ел сенімін ақтап, халықтың қалауынан шыға алады.

 

«Қара шаңырақ» халыққа не береді?

 

– Дұрыс екен. Енді әңгіме ауанын сіз қолға алған «Қара шаңырақ» жобасы жөнінде өрбітсек…

– «Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік, егеменді елміз, алыс-жақын бізді таниды» деп мақтанамыз, бірақ қоғамымызда болып жатқан не түрлі келеңсіздіктер мен өзегіңді өртейтін оқиғаларға қарап жаның ауырады. Осы орайда көп жылдар бойы «қалай өзгерту болады, не істеуге болады, неге бұлай, неге олай? деген ойлар жанымды жегідей жеп, біраз уақыт ойымды жинақтай жүріп, дүниеге келген сәбиімдей әлдилеп, жыл сайын ойымды, пісіріп, жұмырлап, ұлттық құндылықтарға негізделген «Қара шаңырақ» деген жобамды жарыққа шығардым. Неге «Қара шаңырақ» десеңіз?

Қазақ үшін қара шаңырақ өте қасиетті ұғым. Осы бір қасиетті сөздің мағынасы да кең. Қара шаңырақ бұл – ұрпақтар өрбіген ұяң, отбасың, елің, жерің, Отаның. Қара шаңырақ бұл – сенің бабаңнан қалған ұлттық құндылықтарыңның, ұлттық тәрбиең мен рухани-мәдени мұраларыңның мекені.

Жобамыздың аясы кең. Түрлі бағыттары бар. Алдағы уақытта «Әкеге қарап ұл өсер», «Қызым саған айтам…», «Жас ата-ана мектебі» балабақша,  мектеп,  оқу орындарындағы жастармен жұмыс,  сонымен қатар Пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп көпқабатты тұрғын үйлердің аула өміріне де ұлттық нақыш бере отырып,  әр үй маңынан «Қазыналы қария» ақсақалдар кеңесі, «Әже тәлімі» сынды орталықтар құру жоспарланып отыр. Ұлттық мәдениет пен өнерді, ұлттық ойындарды, ұлттық спортты насихаттауға да өз үлесімізді қоспақпыз. Қара шаңырақ порталымызды ашпақпыз. Тіпті, ТВ мен радиоға да ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бағдарламалардың ашылуына мұрындық болғымыз келеді.

Бұл авторлық жобамды осы жылдың тамыз айында Елордамыздағы Сарыарқа ауданының әкімі, елжанды азамат Ерғали Қуандықұлы Егембердінің қолдауымен, марқұм Мырзакелді Кемел,  Жамбыл Артықбаев сынды ғылымның шыңында жүрген ағаларымыз бастаған ұлт жанашырларының талқысына салдым. Жүректен шыққан, қазағыма қажет жанашыр «Қара шаңырақ» жобам бірауыздан қолдау алып, бүгінгі таңда Сарыарқа аудандық әкімдігі жанында пилоттық жоба ретінде өз жұмысын бастап кетті.

Жобаның тағы бір қанаты – ауыл мен қаланы жақындастыру, этнолагерьлер, этнотурлар ұйымдастыру. Қала балаларын ауылдағы киіз үйлерден құралған этнолагерьлерге жіберіп, ауыл өмірімен таныстыру, таныстырып қана қоймай, ауылдың атомосферасына қатыстыру. Этнолагерь жобасының тағы бір мақсаты – ішкі туризмді дамытуға үлес қосу, сондай-ақ ауыл жағдайына назар аударту. Жобамыздың бала тәрбиесіне қатысты бағыты бойынша бірқатар жұмыстар жоспарлап отырмыз.

– Иә, Facebook парақшаңыздағы «Қара шаңырақ» бірлестігінің «Ертегі – ел ертеңі» жобасы да елең етер жаңалық екен…

– Ертегі – халық қазынасы. Ертегінің ұрпақ тәрбиесіндегі рухани тəрбиелік мəні зор. Ертегісі жоқ елдің ертеңі жоқ деген сөз бар. Кішкентайынан ертегі тыңдап өскен бала ертегі кейіпкерлеріне еліктейді. Батыр, төзімді, ақылды, болғысы келеді. Ертегі балаларды отансүйгіштікке тəрбиелейді.

Аты аңызға айналған батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Мен үш нəрседен қорқамын. Біріншісі – баласына бесік жырын айтпайтын анадан, екіншісі – немересіне ертегі айта алмайтын əжеден, үшіншісі бір-бірімен қазақша сөйлеспеген қазақтардан қорқамын», – деген екен.

Карантин кезінде балаларға, кішкентай оқырмандарға базарлық болсын деген оймен, «Қара шаңырақ» «Ертегі – ел ертеңі» деген жобамызды елордамыздағы  Балалар жəне жасөспірімдер кітапханасына ұсынып, ертегілер оқып, бейнежазбасын әлеуметтік желіге жүктеп, балаларды да қуанттық. Кітапхана басшысы Жәзира Едігенова ұсынған идеямды қуана қолдады. Бұл жобамыздың басты мақсаты – ертегі арқылы жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, балаларды кітап оқуға қызықтыру! Ертегіміз Балалар жəне жасөспірімдер кітапханасының Инстаграм жəне Facebook @kitap_kala парақшалары арқылы көрсетіледі. Басында қалай болар екен деп ойлаған едім. Бүгінде балалармен бірге үлкендер де ертегілерін асыға күтетін болды. Күннен-күнге көрермен саны да артып келеді. Ертегіме қызығушылық танытып, Солтүстік Қазақстан облыстық кітапханалары да өз парақшаларына жүктей бастады. «Мөлдір бұлақ» журналынан «Ертегі – ел ертеңі» айдарында мен оқитын ертегілер шығатынын қуана айта кеткім келеді.

 Балабақшаларда ертегі айтып, бүлдіршіндердің кітап оқуға деген қызығушылығын оятсам деген бастамаңыз тамаша екен. Сұрағым келіп отырған тағы бір мәселе  2025 жылдан бастап латын әліпбиіне қазақ тілділер көшіп, орыс тілділер кирилицада қалады дегенге көзқарасыңыз қандай?

– Меніңше, орыс кириллицасы тілімізді қазақ тілді, орыс тілді деп бөліп, ана тіліміздің дамуына тұсау болып отыр. Кеңес кезінде қазақ тілінің дыбыс жүйесінде  жоқ орыс әріптерін әліпбиімізге еріксіз енгіздік. Және әліпбиіміз кирилл жазуына басқа тілден енген сөздерді де орысша қалай айтылып-жазылса, қазақ тілінде де солай қолданылуы керек деген талап қойды. Сөйтіп тілімізге жат дыбыс тіркестері еніп, тіліміз шұбарланып, өзінің ұлттық бояуын жоғалтты. Сөйтіп ана тіліміздің дамуына қиянат жасадық. Оның зардабын бүгін көріп отырмыз.  Латынға көшу арқылы ғана қазақ тілінің таза қалпын сақтай аламыз.

Озық технологияның үлгісіне айналған латын әліпбиіне көшу еліміздің білімі мен ғылымының дамуына серпін беретіні сөзсіз. Латынға көшу уақыт талабы, замана сұранысы. Ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол – латынға көшу.

Тіл, жазу– ел бірлігін нығайтатын құрал. Сондықтан да орыс тілділер, қазақ тілділер демей, бір ел, бір мемлекет болған соң, бөліп-жармай, түгелімен көшуіміз керек.

– Бастаған ісіңіз бен ойлаған ойларыңыздың орындалуына тілектеспін! Рахмет!

 

Сұқбаттасқан – Тілекгүл Есдәулет