ТҮРКІСТАН: БӘЙДІБЕКТІК ШАРУА ҚОЖАЛЫҚ ЖЫЛЫНА 250 ТОННА ЕТ ӨНДІРІП ОТЫР

Бәйдібек ауданы Жамбыл ауылындағы «Ырысбек-Нұр» шаруа қожалығы 2005 жылы құрылған. Қожалық мал бордақылаумен және егін шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда онда 200 жылқы, 150 сиыр, 1 500 уақ мал бар. Сондай-ақ, қожалық 500 гектар жерге арпа-бидай, жоңышқа егіп, малға жеп-шөп дайындайды. Жалпы 15 адам жұмыс істейді. Қожалық иесі Серікжан Әбдрайымұлының айтуынша, жылына 200-250 тонна ет өндіреді.
Сонымен қатар, аудан орталығы Шаян ауылында орналасқан «Асқар тау» шаруа қожалығы 2000 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қожалық 4 000 гектарға жуық жерге дәнді дақылдар (бидай, арпа, мақсары) егумен айналысады. Одан бөлек, 60 гектар жерге жоңышқа егіп, мал азығын дайындайды. Шаруашылықта тұрақты 10 адам жұмыспен қамтылған. Маусымдық кезеңде 30-ға жуық адам жұмыс істейді. Қожалықта аудан егіншілеріне ыңғайлы заманауи электронды 150 тонналық таразы орнатылған.
Орылған астықтар сиымдылығы 5 мың тонналық қоймада сақталады. Қазіргі таңда қоймада жоғары сортты қайта өңдеу құрылғысымен тәулігіне 20 тонна астық тазаланып, маусымдық егістікке тұқымдық дайындалуда.
Сонымен қатар, қожалық иесі Асқар Оразханұлының айтуынша, «Асқар тау» шаруа қожалығы биыл 200 басқа арналған мал бордақылау алаңы мен 130 гектар жерге тамшылатып суғару тәсілімен жылыжай кешенін соғуды қолға алғалы отыр.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі