Елордалық волонтерлер Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне көмек көрсетуде
150 ардагер тұрақты патронатпен қамтылған, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Елордалық волонтерлер Екінші дүниежүзілік соғыс және тыл ардагерлеріне көмек көрсетуді жалғастыруда. «Birgemiz: Qamqor» ұлттық жобасы аясында еріктілер еңбек ардагері Барлыбай Абелдиновке барды.
Еріктілер қарияның үйін жинады, сонымен қатар Magnum супермаркеттер желісі ұсынған қажетті өнімдері бар себетті табыстады.
«Еріктілер Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне тұрақты түрде көмек көрсетеді. Олардың мекен-жайларын қалалық ардагерлер кеңесі ұсынады. Қыста 80-нен астам зейнеткерге аулаларындағы қарды тазартуға көмектесті. Карантин басталғаннан бері 150-ге жуық адам көмекке тартылды. Оларға азық-түлік себеттері жеткізіледі, еріктілер де үй жұмыстарына көмектеседі», — дейді жастар саясаты мәселелері басқармасы.
Қазіргі уақытта жастар ресурстық орталығының штаб-пәтерінде 2500 волонтер тіркелген, олардың 1500-і волонтерлікке белсенді қатысады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жыл Қазақстанда Волонтерлер жылы деп жарияланды. Елорданың еріктілер штабы құрылғалы, яғни 2014 жылдан бастап шамамен 2,5 мың адам оқытылды. Еріктілер Арыс қаласын қалпына келтіруге көмектесті және Мақтаарал ауданындағы зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинады, азық-түлік себеттері мен алғашқы қажеттіліктерді, сондай-ақ пандемия кезінде мұқтаждардың мекен-жайларына маскалар мен дәрі-дәрмектер жеткізді. Еріктілер төтенше жағдайлар мен карантин кезінде мобильді топтардың рейдтеріне де қатысты.
Сонымен қатар олар бұған дейін Қазақстан астанасында болған халықаралық іс-шараларға қатысты.