Нұр-Сұлтан әкімдігінде өткен инвестициялық кеңесте жаңа жобалар мақұлданды
Елордада құрылыс материалдарын, медициналық маскалар шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ жаңа медициналық мекемелер, жылыжайлар мен базарлар салынады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов өз “инстаграм” парақшасында жазды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
“Қаладағы жылыжайлар мен азық-түлік базарын көбейтеміз. Бүгінгі өткен инвесткеңес жылыжай кешені мен екі базардың құрылысын қолдады. Атқарылып жатқан бұл жұмыстар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын ұстап тұруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар аталған кеңесте темірбетонды бұйымдар, гиперпресстелген кірпіш өндіретін зауыт құрылысына, араланған ағаш өнімдері мен жарықдиодты жарықшамдар өндірісіне қолдау білдірді. Бұл материалдардың барлығы да құрылыста қолданылады. Құрылыс қарқынын ескерсек, отандық өндіріс материалдары салынып жатқан объектілердің өзіндік құнын төмендетуге көмегін тигізеді.
Сондай-ақ, бірқатар медицина мекемелері мен медициналық маска шығаратын өндірістің құрылысын қолдады. Әрбір жеке жоба — экономикаға жеке инвестиция тарту ғана емес, оған қоса жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен инвесторлардың жұмыс істеуіне жайлы жағдай жасаймыз”,- деп жазды Алтай Көлгінов.