ШЫМКЕНТТЕ «БОЗАРЫҚ» ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІ ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Бұл туралы бүгін Өңірлік кәсіпкерлік кеңесінің отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов мәлім етті. Оның айтуынша, Шымкент қаласының «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін жалпы алаңы 178 га құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жоспарлануда екен.
«Бүгінде индустриалды аймақта жүзеге асатын құны 6,7 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жобаның өтінімдері қабылданды. Яғни, биологиялық қоспалары бар құнарлы құрама жем өндірісін салу және сүт өндіру зауытын салу жобаларын жүзеге асыру, сонымен қатар, шетел инвесторларымен бірлесе сүт, ет, жеміс пен көкөністі қайта өңдейтін, консервілейтін жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда»,-деді қала басшысы.
Айта кетейік, бүгінде қалада «Оңтүстік», «Тассай» индустриялық аймақ пен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жемісті жұмыс істеп келеді. Оларда жалпы инвестициялық құны 100,2 млрд. теңгені құрайтын 102 жоба жүзеге асырылған.
Бұдан бөлек, Шымкентте жалпы алаңы 306 га құрайтын жаңа «Жұлдыз» индустриалды аймағы құрылуда. Жаңа аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика және жиһаз өнеркәсібі саласындағы жобалар іске асырылады.
Сондай-ақ, жалпы алаңы 136 га құрайтын «Тепличный рай» агро-индустриалды аймағын құру жұмыстары басталды. Аталған агро-индустриалды аймақта өнеркәсіптік жылыжайлар мен ауыл шаруашылық саласындағы жобалар жүзеге асырылатын болады. Бүгінгі таңда, құны 9,4 млрд. теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба іске асырылуы болжамдануда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі