БІЗГЕ КЕРЕГІ — БІЛІКТІ МАМАН

Білікті, сапалы кадр даярлау мәселесі қай кезде де басымдық беретін бағыттардың маңыздысы екені белгілі. Өйткені, бәсекеге қабілетті болу дегеніміздің өзі — дана Абай көксеген толық адамды қалыптастыру, оның санасын Елбасы міндеттеген рухани жаңғыру арқылы жетілдіріп отыру және мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында айқындағандай, еңбек нарығында сұранысқа ие, білікті мамандарды даярлауды бастау болса керек.
Соның ішінде, ұлттық өнерімізді сапалы мамандармен қамтамасыз ету, олардын білім алу жүйесін қайта қарап, әлемдік стандарттарға сәйкес дамыту деп білеміз. Егер бізде Еуропаның өнер саласындағы үздік педагогикасы мен практикасы толығынан тұғыр етіп алынса, онда осы жүйеде білім-ғылым-технологиялық жаңғыру жүзеге асар еді. Мәселен, өнер білім ордаларын тәмамдау кезінде болашақ композиторлар, аспаптарда ойнайтындар және орындаушылар үшін теория жөнінде жазылатын 100-130 беттік диплом жұмыстарының орнына өздігінен, өз жанынан шығарма жазуына (шығаруына) немесе бірнеше музыка аспаптарында әйгілі шығармаларды орындау шеберліктерін көрсетуіне, яғни өздерінің дайын маман екендіктерін дәлелдеуге мүмкіндік туады.
Сонымен бірге, мемлекет басшысының халыққа Жолдауында елдің дамуының басты тетігі болып табылатын – ғылым саласын дамыту туралы да айтылды. Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компаниялардың қаражаты, яғни тапқан табыстың 1 пайызын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отырғандығы сынға алынды. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан, ұлттық өнер саласындағы ғылымды жалпыұлттық ғылыми басымдықтар қатарына енгізуді қажет деп санаймыз. Өйткені, нақ осы салада үлкен жетістікке жеткен профессионал өнер адамдарының, ғалымдардың әлеуметтік жағдайы, оларға тиесілі еңбекақы, демеуақы деңгейі ұлттық өнеріміздің дамуына тежеу болып отырғаны жасырын емес. Оның үстіне, жоғары өнер оқу орындарын, консерваторияны бітірген мамандардың статусы (педагог пе, артист пе) әлі күнге анық айқындалмаған. Ал мұндай шығармашыл, талантты тұлғаларды көтермелеп, қаржылай қолдау ісінде біршама шешімін тапқан көрші мемлекеттердің тәжірибесіне жүгінуге де болар еді. Ғылыми атақ алу немесе дәрежеге жету үшін, тіпті шығармашылық еңбекті тиісінше бағалауды білетін өзге елдерге сабылмауы үшін елімізде өнердің барлық түрінің дамуына тиімді жағдай жасауды қолға алатын кез келді деп есептейміз.
Осыған байланысты Үкіметіміз бен тиісті министрліктер еліміздегі жоғары оқу орындарында сапалы кадрлар даярлау ісінде мынадай нақты ұсыныстарды қарастырғаны жөн болар еді:
— Өнер саласындағы ғылымды теориялық, практикалық деп екі бағытта дамыту керек. Мысалы, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев театр теоретиктері емес, бірақ олардың тәжірибелері ғылым деңгейін көтере алады, яғни олардың дәрістерін студенттер аудиториясына пайдалануға әбден болады. Осындай жағдай талантты композиторлар мен жеке орындаушыларға да қатысты болса дуальдық жүйе жанданады.
— Өнертану саласындағы ғалымдардың, классикалық және дәстүрлі мектептерді сақтаушы орындаушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту керек. Бұл, әсіресе, жоғарғы оқу орындарындағы ғалымдар мен ұстаздарға қатысты.
Театр, филармониялардың концерттік саясатында кәсібилік сапаны өсіру керек. Яғни, әуесқойлық творчество мен оның насихаты классикалық және дәстүрлі ұлттық өнерден басым болмауы тиіс.
— Ғылыми дәреже беру мен қауымдастырылған лауазым саясатын әлемдік талаптарға сай түбегейлі өзгерту керек. Яғни өнерпаздың ресми дипломы емес, шығармашылығы, сіңірген еңбегі, қайраткерлігі бірінші орында тұрғаны жөн. Сондықтан, дәрежелерді беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127,128 Бұйрықтарына тиісті өзгерістер енгізу – уақыт талабы.
— Қазіргі кездегі ғылыми жобалар мен ізденістер советтік кезеңдегі әдістеме-талаптардан арыла алмай отыр. Еліміздегі зерттеу институттарында методологияны ұлттық құндылықтарға мейлінше жақындату керек. Ғылыми жаңалықтың тәжірибеге тиімділігі ескерілуі қажет деп ойлаймыз. Сонда ғана рухани жаңғырудың талаптары табиғи болмысымызға сәйкес жүзеге асады. Формализмнен, қағазбастылықтан арылып, ұлттық мәдениетіміздің жетістіктері дүние жүзіне танылатын болады.
Дархан МЫҢБАЙ,
Қазақстан Республикасы
Парламенті Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» партиясы
Фракциясының мүшесі