ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ  ОНЛАЙНДА ДАУЫС БЕРДІ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев  «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы онлайн түрде дауыс беріп, өз таңдауын жасады. Бұл туралы өңір басшысы фейсбук әлеуметтік желісіндегі қоғамдық қабылдау парақшасында жариялады.

 

 

«Бұл саяси додаға облысымыздан 1076 азамат қатысып жатыр. Олардың арасында түрлі сала өкілдері, жалынды жастар, көпбалалы аналар да бар. Егеменді ел тарихындағы ерекше праймериздің  артықшылықтарын және шынайылығын қоғам жоғары бағалап отыр.

Елбасы, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» бағдарламасында партия жұмысын жүйелі жаңғыртуды, жаңа заманның іскер тұлғаларына мүмкіндік беруді тапсырды.

 

 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та мемлекеттік және сайланбалы органдардың жауапкершілігін арттыру бағытында тың ойлар қозғап, нақты тапсырмалар бергені де белгілі. Осы праймериз арқылы іскер, отаншыл, әділ, белсенді, білімді көшбасшылар іріктеліп шығады деп сенемін», – деген өңір басшысы партияластарды дауыс беруге шақырды.

«Қазіргі таңда Түркістан облысына мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп, тарихи шаһарда халықаралық талапқа сай ғимараттар салынып жатыр. Демографиялық өсімі жоғары, халқы еңбекқор өңірдің мәслихаттары да мықты болуы тиіс. «Nur Otan» партиясының праймеризі Түркістан облысын дамытуға үлес қосатын азаматтар шоғырын қалыптастыратыны анық. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін. Ал партияластарды белсенді түрде дауыс беруге шақырамын.», – деді Өмірзақ Шөкеев.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі