Облыс ұстаздарын мерекелерімен құттықтады
Алтын күзбен бірге келген Ұстаздар мерекесімен батысқазақстандық педагогтарды құттықтаған облыс әкімі Ғали Есқалиев мәртебелі мамандық иелеріне құрмет толастамайтынын жеткізді.
«Ұстаз – ұлы есім» атты ұстаздар күніне арналған мерекелік кеш Оралдағы Салтанат сарайында өтті. Санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған шара БҚО білім басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасынан тікелей желіде көрсетілді.
Облыс оқытушыларын төл мерекелерімен құттықтаған БҚО әкімі Ғ.Есқалиев жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беретін ұстаздардың еңбегі зор екенін атап өтті. Өңір басшысы атап өткендей, БҚО-да 21 мыңнан астам педагог 155 мыңға жуық колледж студенттеріне, мектеп оқушылары мен балабақша бүлдіршіндеріне білім беруде. Батысқазақстандық жеткіншектер түрлі білім бәсекелерінде топ жарып, облыстың мерейін асқақтатып жүр. Облыс әкімі өз сөзінде аймақтағы білім саласында атқарылған жұмыстардан да хабардар етті.
Салтанатты шарада «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпаздары, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин»және «Бiлiм беру iсiнiң құрметтi қызметкерi» төсбелгілерінің иелері марапатталды.Сондай-ақ биыл алғаш рет «Батыс Қазақстан облысының білім саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісісі мен ақшалай сыйақы белгіленіп, лайықты маманға тапсырылды. Бір топ ұстаз облыс әкімінің алғыс хаттарымен және облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының номинацияларымен марапатталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы