«Ақ Жайықтың Айтқалиы» атты жыр мүшәйрасы жарияланды

Бұл туралы Оралдағы Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында өткен Қазақстан Жазушылар Одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының жиынында айтылды деп хабарлайды орталықтың баспасөз қызметі.

Карантин талаптарына сай өткен кездесуге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Егізбаев, сала өкілдері және өңірдегі ақын-жазушылар мен жас қаламгерлер қатысты.

Алдымен сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Бауыржан Халиолла осыған дейін жергілікті филиалды абыройлы басқарған елімізге танымал ақын Ақұштап Бақтыгерееваның сәлемін қаламдастарына жеткізді. Бұдан соң биыл 80-нің сеңгіріне шыққан ақын, журналист Айтқали Нәріковті мерейлі жасымен құттықтап, иығына шапан жапты. Өз сөзінде Бауыржан Ергенұлы мерейтой иесіне арналған «Ақжайықтың Айтқалиы» атты облыстық жыр мүшәйрасы жарияланғанын айтты.

Жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалында атқарылатын жұмыстар мен жоспарлар талқыланды. Солардың қатарында ақын-жазушылардың жыр жинақтарын және әдеби журнал шығару, шипажайларға демалысқа жіберу, табиғат аясында кездесулер ұйымдастыру, стипендия тағайындау, жастарды қолдау, Ақжайықта әдеби орта қалыптастыру сынды келелі істер сөз болды. Сонымен қатар қатысушылар баспа ісін дамыту, өмірден өткен қаламгерлер аллеясын жасақтау туралы ой-пікірлерімен бөлісті.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев аймақтағы қаламгерлердің басын қосқан филиал жұмысына сәттілік тіледі.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы