Ауылда спорттық алаң пайда болды
Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданындағы Ақпәтер ауылында көше спортына арналған «Street workout» алаңы сыйға берілді.
Ауылдастарына мұндай тартуды Ақпәтер орта мектебін 1990 жылы бітірген түлектер жасады. Елбасының «Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында ашылған жаңа алаң заман талабына сай жасақталған. Ауыл перзенттерінің демеушілігімен жасақталған «Street workout» алаңының жалпы құны – 2 миллион 100 мың теңге. Осындай игілікті іс жасаған азаматтарға жерлестерінің ризашылығы шексіз. Әсіресе, кішкентайлар мәз-мейрам.
Спорт алаңының ашылу салтанатында Қазталов ауданының әкімі Альберт Есалиев 1990 жылы ауыл мектебінен қанат қаққан түлектерге Алғыс xат табыстады. Шарада сөз алған аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру спорт бөлімінің басшысы Е.Галимов, аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі А.Көшғалиев, округ әкімі Н.Болаев жерлестерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
Ауыл көшесінде пайда болған алаңқайда ауыл жастары ашық аспан астында спортпен шұғылдана алады. Спорт саласында топ жарып жүрген ауылдастарымен мақтанатын ақпәтерліктер үшін бұл тартудың маңызы зор. «Street workout» алаңы шалғайдағы қазақ ауылынан еліміздің көк байрағын желбіретер спортшылардың көптеп өсіп-жетілуіне үлкен мүмкіндік жасары сөзсіз. Туып-өскен атамекендеріне теңдессіз сый жасап, қайырымдылық танытқан мектеп түлектерінің бұл игілікті ісі – көпке үлгі. Жалпы Батыс Қазақстанда түлектердің туған жерлеріне тарту жасауы қалыпты дәстүрге айналып келеді.
Ләззат Қажымова
Батыс Қазақстан облысы