Тәртіп сақшыларымен кездесті

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінде өткен жиында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу, оған тосқауыл қою, сауаттылықты көтеру мәселелері сөз болды.

Бұл туралы Орал қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді. Шаған полиция бөлімі мен аталмыш департамент басшылары бірлесе ұйымдастырған кездесуге Шаған полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатын көздеген кездесуде сөз алған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің БҚО бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин ағымдағы жылдың тоғыз айында департамент тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Мемлекеттік қызметкерлердің жеке бас тәртібіне мән беріліп, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігі қатаң ескертілді. Полиция қызметкерлері азаматтармен сөйлескенде сыпайы сөйлесіп, мәдениетті қарым-қатынас жасаулары тиіс. Сонымен қатар жиында кейбір кереғар әрекеттер фактісі келтіріліп, арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетілді. Мұндағы мақсат – өзгелерге сабақ болсын, басқа қызметкерлер тарапынан қайталанбасын деген ой, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың жолын кесу.

– Полиция қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шаралары жалғасады. Осы бағытта мүдделі департаменттер мен бөлімдердің бірлескен шаралары өткізіледі, – дейді Шаған полиция бөлімінің кадр саясаты бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Нұрхат Бапенов.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы