Дағдарыс дауылынан қорықпаймыз!
«Индустриалды-инновациялық мемлекеттік даму бағдарламасы» 2020 жылға дейін экономиканы әртараптандыруды жеделдету үшін құрылған стратегиялық жоспар екендігі белгілі. Сол себепті де алда дамыған 30 елдің қатарына қосылу мұраты міндеттелді.
Елімізде шағын және орта бизнесті субьектілерін тексеретін көптеген бақылаушы органдар бар. Бұл салада әр түрлі қиындықтар, мәселелер туындап жататындығы да белгілі. Осы тұрғыда аталмыш кодекс, мемлекет пен бизнестің өзара қарым-қатынасын реттеуде елеулі рөл атқарады. Елбасы айтқандай, «Кәсіпкерлік кодекс – болашақта кәсіпкерлердің конституциясына айналуы керек». Экономикамызды жүргізетін бірден бір фактор кәсіпкерлік болғандықтан, биылғы жылы қайта күшіне енген Кәсіпкерлік Кодексінің де рөлін айта кеткен жөн. Кәсіпкерлікті қолдау, жаңа технологиялармен инновациялық үдерісті жаңартып, отандық өндірісті өркендету, сонымен қатар ұлттық экономикалық қауіпсіздік мүддесін сақтау да біздің басты қағидамыз. Ал осындай жүйелі жоспардың нәтижесін еселеп көреміз десек, алған бағытымыздан айнымауымыз керек.
Дегенмен де қазіргідей жаһандану уақытында экономикамызды жандандандыруға басымдық беріп, индустриалды-инновациялық саясаттың дамуына күш салып жатқан Алматы шаһарын ерекше атап өткен жөн.
Ал жұмыстың қаншалықты сәтті орындалып, алға қойған міндеттің тиянақтылығын білу үшін қаламыздағы Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы бастығының орынбасары Салдаров Ермек Алтынбекұлымен сұхбаттасуды жөн көрдік.
−Ермек Алтынбекұлы, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда межеленген міндеттің мардымды орындалуына жаһандық айналыпсоқпаның ықпалы бар ма? Осы жөнінде сөз қозғасаңыз
− Орынды сауал. Әрине қазіргідей нарық заманында көпшілікті алаңдататын да осы мәселе. Сұрағыңыздың астарында дағдарыс дауылы қайта айналып келгенде, дамуға кедергі келтіріп, экономикалық ахуалымыз тұралап қала ма? деген үрейдің болуы орынды. Нақты жауап берейін. Жол картасы бизнес бастамаларына қолдау көрсететін бірден бір тетік екендігін естен шығармағанымыз жөн. Индустриалды-инновация даму жоспарын жүзеге асыруда біздің тараптан жасалып жатқан жұмыстардың барлығы дерлік, ел игілігіне бағытталған.
Ал дағдарыс дауылынан аз шығынмен аман алып қалатын бірден бір жол осы индустриалды-инновациялық даму. Инновациялық өсім өркендеген сайын, біз жаһандық айналыпсоқпаның шырмауында қалмай, зардабынан да оңай құтыламыз. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылып келеді.
Қазіргі уақытта, екінші бесжылдықтың Кәсіпкерлікті қолдау картасына пайдалану кезеңінде 10 989 жұмыс орындары құрыла отырып, 173,3 млрд. теңгені құрайтын 73 жоба кіреді.
Екінші бесжылдықтың Кәсіпкерлікті қолдау картасының шеңберінде 1 787 жұмыс орындары құрыла отырып, 21,2 млрд. теңгені құрайтын барлығы 14 жоба іске қосылды.
Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында 1 277 жұмыс орындарын құра отырып, 13 млрд. теңгені құрайтын 9 жобаны енгізу жоспарланып отыр.
Әрине мұның барлығы экономикамыздың тиімділігі мен осы саланың даму деңгейін арттырып, кемшін тұстарын тежеуге бағытталған.
Келешегіміздің кемелдігі үшін индустриалды-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылуын басты назарда ұстайтын болсақ, жаһанды жалмаған дағдарыс дертінен қорқуға еш себеп жоқ. Мемлекетіміз күрделі әлеуметтік-қаржылық дағдарысты бастан өткерсе де, тығырықтан шығудың жолында қатар игеріп келеді.
Бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына қосылуымыз үшін де мұны үлкен жетістік деп бағалауға болады. Сол себепті индустрия үдерісінің жандануы үшін де инновациялық жүйені жақсартып, ел экономикасын мемлекеттік деңгейде дамыту мен жандандыру бағытынан жаңылмауымыз керек деп есептеймін.
−«Бизнестің жол картасы − 2020» бағдарламасы аясындағы отандық индустрияны дамытумен олардың тұрақты өсу тенденциялары туралы не айтасыз?
−Ең алдымен, кәсіпкерлікті қолдаумен оны дамыту бағдарламасының тек ел игілігі үшін жасалғандығын тағы да айтып өтейін. Осы мақсатта мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктер мен қолдауларда шек жоқ. Тек соны игеруге келгенде отандық кәсіпкерлердің жұмысы баяу екендігі де рас. Бірақ қазіргі таңда отандық индустрияны дамыту үшін үлес қосып, жаңалық әкеліп жатқан кәсіпкерлер де жоқ емес.
Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік бюджеттен 84 млн теңге бөлінді. Соның ішінде 147 үміткерден өтініштер келіп түсті. Конкурста 36 жоба іріктеліп, оның 31-і таңдап алынды.
Жыл өткен сайын «Бизнестің жол картасы − 2020» бағдарламасына қатысушы үміткерлер саны артуда. Оның әрқайсысының отандық индустрияға үлес қосуға ниетті екені айтпаса да түсінікті.
Соңғы кездері отандық өндірісті дамыту мен оның аясын кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалардың көбейгендігі де қуанарлық жайт. Ал олардың тұрақты өсу тенденциялары әлбетте экономикалық бәсекелестікке әкеледі. Бізге керегі де осы.
−Дей тұрғанмен, индустрияландыруды дамытудың әлсіз тұстары да бар шығар?
−Әрине бар. Біріншіден, әлемдік дағдарыстың өнеркәсіпке ықпалы индустриялды дамуға тежеу әкеледі. Өйткені, экономикадағы құлдырау, тоқырау кезеңдері әлемдік нарыққа шығуда мүмкіндіктерді азайтады.
Ал өндіріс саласының дамуын жеделдетін экономикалық трансформация отандық индустрияны жетілдірудің басты құралы. Естеріңізде болса, осыдан бес жыл бұрын мемлекет басшысы «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс XII съезіндегі сөзінде: «Қазақстан-2030» Стратегиясында біз әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған индустрияландыру туралы емес, инновациялық индустрияландыру туралы айттық. Біздің индустрияландыру әлемдік экономиканың қазіргі даму ғұрпына сәйкес болуы тиіс…»,− деген еді. Қазір біз сол инновациялық индустрияландырудың бағытына түсіп, енді ғана отандық экономиканың қарқындылығы мен өнімділігін арттыруға күш салып келеміз. Тек жетілдіре түсу керек.
− Қала бойынша биылғы жылы қандай жобаларды қолға алдыңыздар?
−Алматы қаласы бойынша Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының атқарып жатқан жұмыстары көп. Қала проблемаларын шешу үшін ұйымдастырылған арнайы конкурста үміткерлерден 400 аса инновациялық жоба келіп түсті. Оның 100-ден астам жобасы іріктеліп алынып, қазіргі таңда ол бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар осы бағытта «Алматы Innovations» ғылым және өндіріс орталығының құрылғандығы да біздің басты жаңалықтарымыздың бірі болып отыр.
Сондай-ақ дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан Алматы инновациялық форумының биыл бесіншісін өткізген болатынбыз. ИТП, Қазақстан Ғарыш Сапары, Тель-Авив университетімен инновациялық меморандумдарына қол қойылып, қаламыз бойынша жаңашылдық жұмысын жетілдіру үшін 70 жоба жүзеге асырылады деп күтілуде.
Бес институционалды реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес сіздердің жұмыстарыңызға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілді?
Мемлекет басшысы ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарына сәйкес біздің басқарма жұмысында да өзгерістердің енгізілгені заңды құбылыс деп есептеймін. Өткен жылдармен салыстырғанда қазіргі таңда Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында жұмысымыз қарқындала түсті.
Ұлт жоспарының 55-қадамында «Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы және экспорт тауарлары үшін өңдеу өнеркәсібіне ең кемінде 10 трансұлттық компанияны тарту» туралы айтылған.
Жалпы алғанда, 2016 жылдың басынан бері ол 20-ға жуық трансұлттық болып табылатын әлеуетті инвесторлар мен халықаралық бизнес делегацияларымен 100-ден астам кездесулер өткіздик.
Бүгінде біз индустрияландыру және экономикалық өсімді арттыруға күш салудамыз. Осы бағытта жоспарланған арнайы жобалардың нәтижесі де жаман емес. Бастысы, индустрия үдерісінің жандануына, инновациялық жүйені жақсаруына, ел экономикасын мемлекеттік деңгейде дамыту мен жандандыру бағытымен жұмыс атқарудамыз.
Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Жұлдыз ӘБІЛ