Ауруханадағы балалар қашықтан білім алады

Батыс Қазақстанда облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ем-дом алып жатқан оқушыларға қашықтан білім алуға мүмкіндік жасалды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Нақтырақ айтсақ, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының ішінен қашықтан оқыту сыныбы ашылды. Нәтижесінде ауруханада емделіп жатқан оқушы ұл-қыздар тиісті медициналық шаралар жүргізілгеннен кейін мұғалімдерімен байланысқа шығып, оқу бағдарламасын меңгере алады.

Еліміздегі бүгінгідей эпидемиологиялық ахуалға дейін балалар ауруханасындағы емделушілерге облыс орталығындағы №20 және №30 жалпы орта білім беретін мектептердің мұғалімдері белгіленген уақытта мектеп бағдарламасын түсіндіріп, арнайы кестесге сай білім беретін. Ал қазіргі уақытта арнайы сынып компьютерлермен жабдықталып, қашықтан оқуға жағдай жасалған. Сауықтыру шараларына кедергі келтірмеу үшін балалар сыныпқа тиісті емдік шараларын қабылдап болған соң ғана кіре алады және мұғалімдерге алдын ала ескертіледі.

Жауапты мекеме берген мәліметке сүйнесек, жылына облыстық балалар ауруханасынан сегіз мыңға жуық бала түрлі медициналық көмек алатын болса, күні бүгінге дейін 5 мыңнан аса 18 жасқа дейінгі жеткіншектерге ем-дом жүргізілген. Бұдан бөлек аурухана қабырғасында неврологиялық бағытта сауықтыру орталығы жұмыс жасайды. Бүгінгі күні емдеу нысанында 180 балаға көмек көрсетілуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы