ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚАТАҢ САЯСИ РЕЖИМ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛУЫ МҮМКІН
Немесе жиналыста Қытай көсемі не айтты?
Қазақстан үшін маңызды аймақ
Қытайдың саяси өміріндегі соңғы жаңалықтардың бірі – қыркүйектің 25-26 күндері Бейжіңде ашылған «Шыңжаң қызметі жөніндегі III кезекті мәжіліс» деп аталатын екі күндік жиналыс болды. Бұл жиналыс Қытай төрағасы Си Циньпин бастаған Премьер министр мен өзге де лауазымды тұлғалар қатысқан маңызды саяси шаралардың бірі болды. Шыңжаң ұйғыр автонмиялы өлкесі Қытай териториясының 6\1 бөлігін алып жатқан алып аймақ. Онда тарихтан бері жасап келе жатқан ұйғыр, қазақ, монғол, қырғыз секілді ұлттар бар. Жағрапиялық жақтан Орталық Азияға жататын бұл өлкенің саяси өмірі мен қоғамдық жағдайы біршама күрделі өңір болып есептеледі. Бұл өңірде соңғы жылдары ұлттық тәуелсіздік алуға ұмтылған этникалық ұйғырлардың әрекеттері мен Қытай өкіметінің оларға қарата қолданып жатқан түрлі шаралары халықаралық қоғамның назарында тұрған нәзік тақырыптардың біріне айналғалы 10 жылдан асып барады. Ал Қазақстанмен мың шақырымнан асатын шекара сызығының арғы бетіндегі бұл өлке, Қытай мен Қазақстанның стратегиялық әріптесінде, экономикалық қарым-қатынастарында аса маңызды екені баршамызға белгілі. Ендеше Шыңжаңның жалпы жағдайына назар аударып отыру, қазақ саясаткерлері мен зиялы қауым үшін маңызы зор тақырыптардың бірі дер едік. Бұдан бөлек ол жақта тұрып жатқан екі миллионнан астам қазақтың тағдыры да атажұрт Қазақстанның назарында тұрғандығы тағы бар…
Ислам дінін қытайландыру деген не?
«Шыңжаң қызметі жиналысы» деп дербес ат қойып, айырықша маңыз берген бұл жиналыс әр жылдары өтіп келеді. Бұдан бұрын алғаш рет 2010 жылы өткізілген болса, 2014 жылы мамырдың 28-29 күндері екінші рет өткізілген еді. Осы жерде айырықша көңіл бөлетін бір жайт, бұл жиналыстарда мемлекет басшыларының айтқан сөздері, қабылданған қарар, шығарылған шешімдердің көбісі шындыққа айналды. Қытай билігі қоғамның барлық саласында «халық тұрмысын жақсарту, экономикалық өсу» секілді ұрандарды көп айтатыны белгілі. Басшылардың мұндай нұсқаулары «Шыңжаң қызметі жиналыстарында» ең көп қайталанып келе жатқан сөздер. Дегенмен ашық ақпарат көздерінде жарияланған баяндамалардың арасындағы Шыңжаңның экономикасын дамыту туралы көп сөздердің арасында айтылып жатқан қоғамның орнықтылығын сақтау, «Жұңхуа (бұл атауды негізінен қытай ұлты деп түсінген жөн) ұлтының мүддесі жолында күрес жасау», сепратизмге, экстремизмге, терорризмге қарсы күресті онан ары кеңейту, ислам дінін қытайлық бағытпен дамыту секілді нұсқаулар 4000 шақырым шалғайда жатқан Бейжіңнен шығып Шыңжаңға жеткенде қатал да сұсты түске еніп мүлде басқаша бағытпен жүзеге асып жатқандығына халықаралық қауымдастықтың өзі «таңқалумен» келе жатыр. Біз төменде «II кезекті Шыңжаң қызметі жиналысында» ортаға тасталған кейбір мәселелер туралы қысқаша сараптамалар жасай кетуді жөн көрдік.
2009 жылы туылған «5 шілде оқиғасы» көпшіліктің есінен шыға қойған жоқ. Этникалық ұйғырлардың Үрімжі көшелерінде тудырған жаппай тәртіпсіздік әрекеттерінің соңы ұйғыр трагедиясына айналып кетті. Батыстағы қытай тілді басылымдар бұл іске «биліктің жасырын жоспарлауы нәтижесінде туылған арандату» деп баға берді. Яғни «ұйғырлардың қолымен от көсеп алып, қайта айналып келіп тұтас ұлтты қылмыскер етіп шыға келгендігін» тұспалдаған еді. Бұл оқиғадан кейін Шыңжаңда қоғам амандығын қатаң бақылауда ұстау науқаны басталып кетті. 2010 жылы Бейжіңде «Шыңжаң қызметі жөніндегі жиналыс» ашылғаннан кейінгі уақытта қытайдан басқа этникалық азшылық есептелетін со өлкенің байырғы тұрғындарына деген қысым күшейіп кеткен еді. Дін қызметкерлері жаппай бақылауға алынып, БАҚ-тар жалпы беттік «ми жууға» кірісіп кетті. 2014 жылы мамырдың соңында ашылған екінші жиналыста қабылданған шешімдер, алдыңғыдан аспаса кем түскен жоқ. Бұл кезде Си Циньпинның «парақорларға» аяусыз майдан ашып жатқан кезі еді. Осы жиналыста сөз сөйлеген Қытай төрағасы «партиямыздың Шыңжаңға деген стратегиялық жоспарларының дұрыс екендігі практикада дәлелденді. Қоғамның орнықтылығы мен тыныштықты сақтау Шыңжаң қызметінің маңызды нысанасы болып табылады. Ұшқары, жат ниеттегі адамдарға қатаң соққы беруді күрестің мақсаты етіп алу керек» деген болатын. Ал бұл кездері батыс әлемі Шыңжаңдағы құқықтары тапталып, жазықсыз абақтыға қамалып жатқан ұйғырлардың мәселесін көтеріп жатқан еді…
Осы жиналыста ортаға қойылған тағы бір мәселе Қытай Премьері Ли Кычияңның айтқан сөздерінің арасындағы «міндетті оқу-ағарту қызметімен қоса әр дәрежелі, әртүрлі оқу-ағарту қызметін жақсылап жүргізу, «қос тілде оқыту» мен кәсіптік білім беруді тереңдету, Шыңжаңдағы әр ұлт халқына, жастарға мемлекет тілін үйртуге көмектесу керек» деген сөзі болды. Бұл жердегі «мемлекет тілі» қытай тілі екендігі белгілі. Соңғы 15 жыл көлемінде Шыңжаңдағы аз ұлт мектептері біртіндеп қысқара бастаған еді. Алайда қысқартудың қарқыны осындай жиналыстардан соң тіпті де жеделдеп кеткен. Кезіндегі «аз санды ұлттардың ұлттық тіл-жазуына, өз ана тілерінде білім алуына құрмет етеміз» деген уәделері ұмыт болды. Қысқасы ассимилияциялау қарқын ала бастады. Шетел ақпарат көздерінде «Шыңжаңдағы лагерлерде 1 миллионнан астам ұйғыр, қазақ секілді жергілікті ұлт өкілдері жазықсыз қамалып жатыр» деп дабыл қаққаны әлемге тараған еді. Қытай үкіметі басында бұл айыптауларды теріске шығарғанымен, біраз уақыт өткенде «Шыңжаңда кәсіпке тәрбиелеу орталықтарында, қытай тілін үйреніп, түрлі мамандықтар бойынша білім алып жатқан аз ұлт жастарының бар екендігін» мойындауларына тура келді. Міне бұл 2014 жылы «Шыңжаң қызметі жиналысында» ортаға қойылған пікірлердің нәтижесі еді. Ол лагерлердің сипаты туралы БАҚ беттерінде өте көп айтылғаны белгілі. Ол жерден «білім алып шыққан, тәрбиеленіп шыққан» адамдар туралы сұхбаттарда аталмыш «қайталай тәрбиелеу орталықтарының» қалай білім бергендігі де айтылып еді…
Басты нысана ұйғыр мен қазақ
«Шыңжаң қызметі жөніндегі III кезекті мәжіліс» туралы арнайы тоқталуымыздың маңызды себебі осындай. Яғни, бұл жиналыста қаузалған мәселелер Шыңжаңдағы әр ұлт халқының алдағы саяси тағдырын белгілейтін жиналыс болмақ. Бұл жердегі негізгі нысана ұйғыр, қазақ секілді мұсылман халықтар екендігін тағы да қайталай кетпекпіз. Кезекті жиналыста көбірек айтылған мәселелердің бірі – «Шыңжаңның экономикасын дамыту, халықтың тұрмысын жақсарту» секілді жаттанды тақырып болды. Ашық ақпарат көздерінде жарияланған баяндамалардың мазмұнына үңіле отырып экономика тақырыбынан бөлек талай мәселенің ортаға қойылғандығын білдік. Мәселен, Си Циньпинның баяндамасында мынадай сөздер айтылған. «Қазірге дейін жүргізіп келген саясатымыздың бүкілдей дұрыс болғандығы практикада дәлелденді. (бұл сөз 2014 жылғы жиналыста да айтылған еді) Жұңхуа ұлты (қытай ұлты) ортақ тұлға танымын берік орнату, жұңхуа ұлты ортақ тұлға тарихын, жұңхуа ұлтының көп негізді, бір тұлғалы жағдайын зерттеуді күшейту керек. Жұңхуа ұлты ортақ тұлға танымы тәрбиесін Шыңжаң кадрлардың тәрбиесіне, жастар мен өрендердің тәрбиесіне, қоғамдық тәрбиеге енгізіп, әр ұлт кадрлары мен бұқарасына дұрыс мемлекет козқарасын, тарих көзқарасын, ұлт көзқарасын, мәдениет көзқарасын, дін көзқарасын орнатуға тәрбиелеп және жетектеп, жұңхуа ұлты ортақ тұлға танымын жұрт жүрегіне терең ұялату керек. Ұлттардың кең көлемде араласуын, жаппай барыс-келісін, ішкерілей тоғысуын жебеу керек. Шыңжаңдағы ислам дінін қытайландыру бағытына табанды болып, діннің ақаусыз дамуын жүзеге асыру керек. Идеология саласындағы қызметтерді жақсы істеу керек» дейді.
Соңғы жылдары жергілікті ұлттардан шыққан тарихшылардың, дін қызметкерлерінің, зиялы қауым өкілдерінің жаппай қудалауға ұшырағандығы белгілі. Бұл тақырыпқа көңіл бөліп отырған саясаттанушылардың назарын аударған бір мәселе – «Шыңжаң тарихына қатысты кейбір мәселелер» атты кітаптың басылып шығуы еді. Осыдан 3 жылдың алдында Бейжіңнен басылып шыққан бұл кітапта «ұйғырлардың ата-бабаларының будда дінін ұстанғандығы әрі тарихтағы түркілермен мүлде қатысы жоқ халық екендігі» ашық айтылған екен. Демек «жұңхуа ұлты ортақ танымы, тарихы» деген сөздердің негізгі мақсаты осыдан бұрын жолға қойылып, халық санасына сіңіріліп жатқан идеологиялық қызметтердің әлі де жалғасатындығын аңғартқандай.
Келесі бір сөз «ұлттардың кең көлемде араласуын, жаппай барыс-келісін, ішкерілей тоғысуын жебеу керек» деген мазмұн. Бұл шаруаның Шыңжаңда науқанға айналып кеткеніне де 6-7 жыл болып қалды. Ең алдымен «ұлттарды өзара туыс ету» мақсатында әр салада қызмет етіп жатқан кадрларды оңтүстіктегі ұйғырлардың арасындағы кедей шаруалардың отбасына барып, қонып-түнеп жатып, оларға «жан бағуды» немесе дұрыс көзқарас орнатуға ынталандыру» деген науқан еді. Кейін келе науқанның көлемі ұлғайып, бір ұлттың адамымен екінші бір ұлттың адамын «туыс қылу» ресми қызмет нысанасына айналып кетті. Бұл тақырып қазақстандықтарға бейтаныс емес еді… Сонымен қоса «ислам дінін қытайландыру» бағыты да жалғаса беретіндігі айтылған екен. Қазірге дейін белгілі болғаны «ислам дінін қытайландыру» бағытында мынадай қызметтер атқарылды. «Артық-ауыс» мешіттер түгелдей қиратылып, «заңды құжаты жоқ» молдалар «қырқылды». Ритуалдық қызметтерді үкіметтің белгілеген дін адамдарының ғана атқаруын қатаң қадағалау жолға қойылды. Имамдарды тәрбиелеу орталықтарына жинап, оларға партияның саясаты «жақсылап» түсіндірілді. Бір кездері Үрімжі қаласында курсқа қатысып жатқан 3000 дін қызметкерінің көшеде топтық би билеу қимылын өткізгені де сондай «жаңашылдықтың» бір көрінісі еді…
«III кезекті мәжілістен» не күтеміз?
Бұл жиналыста айтылғандардың ішінде көңілге қауіп ұялататын тұстардан бөлек кейбір сөздерден жаңалықтардың құлағы қылтиғандығын жоққа шығара алмаймыз. «Жібек жолы экономикалық белдеуі» стратегиясын және Шыңжаңның жағрапиялық ерекшелігінен пайдаланып, құрлық арқылы батысқа есік ашуды онан ары дамыту, аз ұлт кадрларын маңызды қызметтерге тағайындау» секілді нұсқауларға қарай отырып, соңғы 10 жыл көлемінде адамдардың шетелдермен барыс-келіс жасауына қатаң тиым салынып келген белгілемелерде аздап өзгеріс болатындығын сездік. 2014 жылдан бері қарай Шыңжаңдағы қазақтардың төлқұжаттары жергілікті Ішкі істер мекемелеріне жинап алынған болатын. Егер әлдебір азамат шетелге туысшылай барғысы келсе, мың сан өткелдерден өтіп, артта қалатын туыстарды кепілге қойып, бір айға арнайы рұқсатпен шығатын еді. Алда бұл белгілемелерге белгілі деңгейде өзгерістер енетін сияқты.
Біздің айтқандарымыз болжам ғана. Бұл 10 жыл бойы жалғасып келген қатал саяси шешімдер ендігі жерде түбегейлі өзгерістерге ұшырайды дегеннен дерек бермейді. Қытай ІІМ-ның өкілі журналистер алдында «қайталай тәрбиелеу орталықтары» түгелдей жабылды. Ол жерден білім алып шыққан адамдар үйренген мамандықтары бойынша жұмысқа тұрып жатыр» деген еді. Алайда «Аустралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлердің 40 пайызға артқаны» туралы мақала жарияланды. Олар спутниктерден түсірген суреттерді мұқият зерттей отырып, осындай шешім шығарған. «www.abc.net.au/news» сайтында 24 қыркүйекте Мишел Волш (Michael Walsh) атты журналистің «China’s still building detention camps in Xinjiang — and they’re getting even bigger» (Қытайдың Шыңжаң жерінде лагерлер әлі де сақталып отыр, әрі оларды кеңейте түсуде) атты мақаласы жарық көрді. Автор бұл мақалада лагерлердің толықтай жабылмағандығын, әрі жаңадан салынып жатқандығы туралы нақты дәлелдер келтірген.
Бұл туралы алдағы уақытта талай сараптамалық материалдар жарық көреді деп ойлаймыз. Бір анығы, Шыңжаңда соңғы 10 жыл көлемінде қалыптасқан қатал режим әлі де жалғасатын түрі бар…
Ерұлан Жансары
Халықаралық “Qazaqstan dauiri” газетінен