Теолог маман оқушылармен кездесті

Оралдағы «Өркен» комьюнити орталығында «Діни сауаттылық – қоғам қауіпсіздігі» тақырыбында теолог маманмен кездесу шарасы өтті.

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстандағы өкілдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталмыш шараға Орал орталық мешітінің найб имамы және БҚО дін істері басқармасының теолог маманы Наурыз Убаев қатысты. Кездесуді ұйымдастырушылардың басты мақсаты – жас ұрпақты діни экстремизмнің алдын алу барысында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар ету, салт-дәстүрді сақтауға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға, отансүйгіштікке, рухани-адамгершілік пен азаматтық-құқықтық ұстанымын қалыптастыруға, бірлік пен бірегейлікке тәрбиелеу.

 

 

Наурыз Ибатұлы оқушыларға адамгершілік-рухани тәрбие жөнінде дәріс оқыды. Балаларға қоғамдағы теріс ағымдар және қандай жолдармен адамдардың қателесетіні жөнінде ақпарат берілді. Қатысушылар өздерінің көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарды қойып, қажетті мағлұматтарға қанығып, бойларына рухани әсер алды.

Еске сала кетсек, «Өркен» комьюнити орталығы өткен жылы жұмысын бастаған болатын. Балалар аула клубын кеңейту жолымен құрылған орталық қала аумағындағы Деркөл кентінде орналасқан.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы