Ауыл кітапханасы – жеңімпаздар қатарында

Кітапхана – ақыл-білімнің ордасы. Батыс Қазақстан облысындағы кітапханалар жүйесі оқырманды рухани біліммен азықтандырып қана қоймай, өз деңгейлерін түрлі байқауларда көрсетіп келеді.

Соның бір дәлелі – жуырда облыстағы Теректі ауданына қарасты Федоровка ауылының орталықтандырылған кітапханасының республикалық «Рухани қазына – 2020» онлайн фестивалінде жеңімпаз атануы. Ағымдағы жылдың 28-30 қыркүйегі аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Рухани қазына – 2020» онлайн фестивалі мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлеріне арналған. Осы байқауда Федоровка ауылының орталықтандырылған кітапханасы «Балаларға арналған үздік кітапханалық онлайн жоба –2020» номинациясы бойынша жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Еске сала кетсек, 2018 жылдан бері елорда төрінде ұйымдастырылып келе жатқан мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне арналған «Рухани қазына» фестиваліне батысқазақстандық кітапханалар жыл сайын қатысып, тәжірибелерін бөлісіп келеді. Соның нәтижесінде 2018 жылы ел тарихындағы тұңғыш байқауда Жұбан Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Үздік облыстық кітапхана» номинациясын жеңіп алған болатын. Жалпы бұл фестивальге өңірдегі барлық аудандық, ауылдық, қалалық, облыстық кітапханалар қатысып, тәжірибе жинақтап келеді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы