Әлижан балалар байқауында облыс намысын қорғайды

Елімізде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауында биыл Батыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын балғын өнерпаз Әлижан Тұрғалидан жерлестері үлкен үміт күтеді.

Тоғыз жасар Әлижан – Оралдағы №21 жалпы орта білім беретін мектебінің өнерпаз өрені. Байқауға қатысқан үміткерлер арасында ерекше үнімен, өзіндік болмысымен, қабілет-дарынымен дараланған кейіпкеріміз жерлестерінің, мектебінің және өзін өнерге баулыған ұстазы Нарымбетова Райхан Қаташқызының сенімін ақтауға тырысып жүр. Шығармашылыққа жаны жақын Әлижан салауатты өмір салтын да ұстанады. Сонымен қатар өнерлі жеткіншек қазақтың ұлттық аспабы – киелі домбыраны да үйреніп алыпты.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен Ә.Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастыратын ұлттық «Балалар дауысы» балалар ән байқауының финалдық кезеңіне жолдама алған жерлесіміз Ә.Тұрғали осы айдың 15-ші жұлдызында Республика сарайында өнер көрсетеді. Ендеше болашағынан үлкен үміт күттіретін кішкентай жұлдыз – Әлижанға үлкен өнер додасында қолдау білдіріп, дауыс беруге атсалысайық. Ал Әлижанға сәттілік тілейміз!

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы