Балалар мен мұғалімдердің денсаулығы – басты назарда
Батыс Қазақстан облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болған БҚО білім басқармасы басшысы Айгүл Мыңбаева биылғы оқу жылында оқушылар мен педагогтердің өмірі мен денсаулығы басты назарда екенін атап өтті.
Жаңа оқу жылының екінші айында кезекті рет баспасөз мәжілісіне қатысқан басқарма басшысы өңірдегі 380 мемлекеттік мектептің 249-ы штаттық режимде, 131-і қашықтан жұмыс жасап жатқанын мәлімдеді. – Бұл мектептердегі оқушылар контингенті 111 мыңнан асады. Олардың 22%-ы штаттық режимде, 48,6%-ы қашықтан оқытылуда. Бастауыш сынып оқушыларының 66,2%-ы, мектепалды даярлық сыныптарының 53,3%-ы кезекші сыныптармен қамтылған, – деді Айгүл Әділгерейқызы.
Биылғы оқу жылында 34 колледжде 17 мыңға жуық студент білім алуда. Алты колледжде сабақтар толық қашықтан оқытылуда, 19 колледжде оқу процесінің 60%-ы – қашықтықтан, 40% -ы зертханалық және практикалық, өндірістік оқыту сабақтары ретінде ұйымдастырылуда. Ауылдық жерлердегі контингенті аз сегіз колледждің оқушылары оқу процесі талаптарын сақтай отырып, штаттық режимде оқытылуда.
Облыстағы жергілікті жерлердегі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармаларының қаулыларына сәйкес 278 мектепке дейінгі ұйымдағы кезекші 1039 топқа ата-аналардың өтініштері негізінде 13172 бала тартылған.
Облыстың бас мұғалімі өз баяндамасында оқу процесінің жауапкершілігі де жоғары екенін жеткізді. Барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар қашықтан оқитын оқушыларды оқуға қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесі де шешімін табуда. Қашықтан оқитын оқушылардың 12830-ы қайтарымды негізде мектептер балансындағы компьютерлермен қамтылған. Оқушыларды компьютерлік құрылғылармен қамту үшін ҚР Үкіметі резервінен 14970 компьютерлік құрылғы, яғни компьютер, ноутбук, планшет сатып алуға қаражат бөлінген. Нәтижесінде Батыс Қазақстанға бүгінге дейін 4653 құрылғы жеткізіліп, аудандарға және Орал қаласына үлестірілген.
Қашықтан оқыту үшін әр мектеп мұғалімдердің сұраныстарына сәйкес Bilimland, Edupage, Дарын онлайн-білім платформаларына қосылған. Ал қашықтан оқитын колледждер googleclassroom, CollegeSmartNation, EDUS платформаларымен жұмыс жасайды.
Өкініштісі, күні бүгін облысымызда бес оқушыдан коронавирус жұқпасы анықталған. Олардың үшеуі – кезекші сыныптардағы бастауыш сынып оқушылары, екеуі – қашықтан оқитын балалар. Барлығы да инфекцияны ата-аналары мен туыстарынан жұқтырған. Басқарма басшысы балаларда клиникалық көріністер жоқ екенін, олар амбулаториялық ем алып жатқанын айтты.
Облыстық білім басқармасы басшысы А.Мыңбаева балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатындағы бірқатар іс-шаралар елдегі жағдайға байланысты қашықтан өткізіліп жатқанын жеткізді. «Мектептердің оқу форматын өзгерту туралы шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы негізінде ғана қабылданады» деді Айгүл Әділгерейқызы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы