Қарияларды қуантты

Оралда қайырымдылық айлығына мекемелер мен кәсіпкерлер де үн қосып, көптеген іс-шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болуда.

Облыс орталығында «Мейірбандық күндері» атты қайырымдылық айлығы жалғасын табуда. Әсіресе, қазыналы қарттарды қуанту мақсатында жауапты мекемелер жүйелі жұмыс атқару үстінде. Сондай мекемелердің бірі – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы. Аталмыш орталық қайырымдылық айлығын мерекеге айналдырып, санитарлық-эпидемиологиялық сақтық шараларын да ұмытпай, қызмет алушылар үшін ауқымды шаралар өткізуде.

Осы аптаның сәрсенбісінде Зейнеткерлер мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы қаланың «Құрылысшы» шағын ауданындағы спорт алаңында таза ауада үйде әлеуметтік қызмет алушылар үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Шараға арнайы келген Жастар мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, мерекелік шараның сәнін келтірді. Қариялар әдемі әуендер тыңдап, ұйымдастырушылар мен өнерпаздарға алғыстарын білдірді.

Тағы бір айта кетерлігі, мерекелік шараға «Орал нан» наубайханасы демеушілік көрсетіп, өз өнімдерінен тәттілер ұсынды. Қызмет алушылар атынан сөз алған Маржан Нағымқызы таза ауадағы уақыттары текке өтпей, ән тыңдап сергіп қалғандарын айтты. Ал мекеме ұжымы демеушілік көмек көрсеткен наубайхана басшылығына ризашылықтарын жеткізді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы