Жауынгерлік естеліктер айтылды

 

Биыл – Азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл. Осы атаулы датаға және Құтқарушылар күніне орай Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Соның бірі – Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында өткен дөңгелек үстел. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аудандық және қалалық құрылымдық бөлімшелерінің басшылық құрамымен бейнеконференция байланыс форматында ұйымдастырылған аталмыш шара «Ар намыс пен борыш – Отан қызметіне» деп аталды. Оған Орал қаласының белгілі блогері Мұхтар Мұратұлы қатысты.

Кездесу барысында ҚР Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталған қызметтің №5 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау прапорщигі А.Сурко мен №8 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Б.Исмагамбетов жауынгерлік ерліктері туралы баяндап берді.

Құтқарушы болу – өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Адамзат өмірін құтқаруда ерен еңбек сіңіріп жүрген әр қызметкердің жұмысы – ерлікпен пара-пар. Осындай мамандық иелерінің кәсіби мерекесі аясындағы іс-шаралар одан әрі жалғасын табуда.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы