Оралда құран жарысы өтті

ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен облыстық «Орал» орталық мешітінде ІХ республикалық Құран Кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан іріктеу сайысы өтті.

Бұл туралы ҚМДБ-ның БҚО-дағы баспасөз қызметі хабарлады. Шарада алдымен сөз алған облыстық орталық мешіттің бас имамы Мұратбек Қыстаубеав қатысушыларға сәттілік тіледі. Құран жарысына Мұратбек Мұхтарханұлы мен Ерген Қонысұлы, «Орал» медресесінің ұстазы Оразбек Жамбылұлы төрелік етті.

Алдымен үміткерлерге Құран Кәрімді өз ережесіне сай тәжуидпен оқи білудің сауабы айтылып, кеңінен түсіндірілді. Қатысушылар толық Құранды және 20 парасы мен 10 парасын жатқа оқудан, Құранды мәнерлеп оқудан сайысқа түсті. Сайыс шарты бойынша олардың тәжуиді мен махражына, оқу мәнеріне мән беріліп, нәтижесінде Құранның 30 парасын жатқа оқу номинациясы бойынша Мұқамедсали Мұқамедсахиұлы, Құранның 20 парасын жатқа оқу бойынша Нұрмұхаммед Әбдімүтәліпұлы, Құранның 10 парасын жатқа оқу бойынша Рамазан Пернебекұлы және мәнерлеп оқу бойынша Мейрамбек Ақылбекұлы жеңімпаз атанып, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ІХ республикалық Құран жарысына жолдама алды.

Жарыс соңында облыстың бас имамы Мұратбек Қыстаубаев барша қатысушыларға ынтыландыру сыйлықтарын, жүлдегерге арнайы сыйлықтар тапсырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы