Оралда жеткіншектерге жол ережелері түсіндірілуде

Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі мәлімдегендей, мектеп инспекторлары оқушыларға жолда жүру ережелерін, қауіпсіздік шараларын түсіндіруге арналған тәрбие сағаттарына қатысуда.

Жолда жүру ережесі – үлкен мен кішіге, баршамызға ортақ екені белгілі. Жол жүру ережелерін көп ретте бастауыш сынып оқушыларына отбасында ата-анасы, аға-әпкесі, білім нәрін себетін мектебінде сынып жетекшісі мен мектеп инспекторлары үйретеді.

Қалалық полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөліміне қарасты Ювеналдық полиция бөлімшесінің хабарлауынша, Оралдағы жалпы білім беретін №5 орта мектебінде инспектордың қатысуымен «Балалар, жолда сақ болыңдар!» атты тәрбие сағаты ұйымдастырылған. Мектеп инспекторы, полиция аға лейтенанты Әйгерім Мунтиева бастауыш сынып оқушылары назарына жол жиегіне орнатылған жол қозғалысын реттейтін белгілер туралы мәлімет берген. Сонымен қатар көлік ағыны толастамайтын, ұзын әрі кең көшелерде орнатылған белгілерге жеке-дара сипаттама берген. Одан әрі сынып оқушыларына сұрақтар таратып, олардың танымдық қабілеттерін тексерген. Жол белгілеріне қатысты тәрбие сағатында оқушылардың құқықтық сауаттылығы артып, басым көпшілігі қойылған сауалдарға дұрыс жауаптар қайтарған.

«Бұндай тәрбие сағаттары барлық мектептерде өтеді деп жоспарлануда» дейді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметкері Гүламан Исмағұлова.

Ләззат ҚАЖЫМОВА