«Жыр қыраны – Қадыр ақын»

Оралдағы Жастар шығармашылығы орталығы көркемөнерпаздары осындай атаумен онлайн концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

Бұл туралы аталмыш орталықтың баспасөз қызметі хабарлады. Концерттік бағдарлама ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылардың басты мақсаты – ақиық ақынның шығармашылығын насихаттау, тілдік құзіреттілікті дамыту және жас ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, көрерменнің мәдени тынығу демалысын ұйымдастыру. Онлайн форматтағы кеште Дамир Сатыбаев, Тимур Мусин, Артем Мұқатаев, Медет Оразов, Айжан Мұханбетжанова, Ерлан Қуанышев, Азат Қабиев, Айдана Орынғалиева, Жаңылсын Хасанова, Мұратжан Усманов, Альберт Ғазизжанов, Гүлзада Ахметова, Асқат Ораз, Мирлан Таңбай, Асыл Жолдыбай сынды өнерпаздар Қадыр ақынның сөзіне жазылған әндерді орындаса, халықтық «Ақжайық» (жетекшісі Ә.Дәулетова) және «Назерке» (жетекшісі А.Тасболатова, М.Сүндетқалиева) би ансамбльдері мың бұрала биледі. Ал Жастар музыкалық театрының әртістері Қадыр Мырза Әлінің өлеңдерін оқып, қаламгер рухына тағзым етті. Концерттік бағдарламаның шымылдығы «Батыс star» тобының орындауындағы «Өз елім» әнімен жабылды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы