Театр саласына сіңірген еңбегі еленді

Сала үздіктеріне табысталатын «Тұлға» сыйлығы жүлдегерлерінің қатарында Батыс Қазақстандағы Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов та бар. Жерлесіміз өнер саласы бойынша сахна саңлағы Д.Жанботаев тағайындаған жүлдемен марапатталды.

Биыл Жезқазған қаласында екінші мәрте өз иелерін тапқан «Тұлға» сыйлығын табыстау салтанатына қатысып қайтқан Ербол Мағзомұлы қасиетті Ұлытау жерінен, Арқа өңірінен жақсы әсермен оралған. Бұл сыйлықты алу мәртебесі бұйырған өнер иесі 1999-2001 жылдар аралығында Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театрында қызмет ете жүріп өнер биігінен көрініп үлгерген. – 2000 жылы Павлодардағы республикалық театрлар фестивалінде қойылған спектакльде басты рөлде ойнағанмын. Сол фестивальде театр ұжымы Гран-при жүлдесін жеңіп алды. Оған қоса Мәдениетті қолдау жылында Жезқазған қаласы әкімінің «Жыл актері» номинациясын иелендім, – деді театр актері.

 

 

Биылғы «Тұлға» сыйлығы иегерлерін анықтауда Жезқазған театрының аға буын өкілі, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актері Досжан Жанботаев өз атындағы жүлдені өнердегі ізін басқан талант иесі, Хадиша театрының белді актері Е.Есендосовқа тағайындауды құп көріпті. Осылайша жезді өңірдің өнері мен мәдениетін өрістетуге үлес қосқан жерлесіміз арада 20 жылдай уақыт өткеннен кейін осы марапатқа лайық деп танылған.

Белгілі болғанындай, «Тұлға» сыйлығын белгілі меценат, атымтай жомарт азаматтардың бірі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Бекзат Алтынбеков тағайындап келеді. Бұл марапат биыл да өнер, поэзия, медицина, білім, ақпарат саласы бойынша үздіктерге табысталған.

– «Тұлға» сыйлығының өнер саласы бойынша сахна саңлағы Д.Жанботаев тағайындаған жүлдесін бұған дейін иеленгендер қатарында танымал театр және кино актері Қуандық Қыстықбаев бар. Одан бөлек театр саласы бойынша Серік Бұлғақбаев, Кеңес Нұрланов, Қайрат Кемалов, Қонысбек Бекайдаров, марқұм Жанат Хаджиев сынды қазақ театрын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан тұлғалардың жүлделері де өз иелерін тапты. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қандай атақ-дәреженің де жүгі ауыр болары сөзсіз. Сол секілді бұл сыйлық та маған үлкен жауапкершілік жүктеп, алдыма қойған мақсат-міндеттерімді нықтауға себепші болды. Енді осы жеткен биігімді бағалап, өзімді бұдан да жоғары деңгейде көрсету үшін еңбектенуім керек . Өзіме жүктелген жауапкершілікті табысты жұмысыммен, сахнадағы сәтті рөлдерім арқылы көрсетіп, сенімді ақтасам, мен үшін одан артық бақыт жоқ. Қазақ театрына тамшыдай болса да сіңірген еңбегімді бағалаған азаматтарға алғысым шексіз, – деді кейіпкеріміз.

Өз сөзінде Ербол Мағзомұлы байырғы өзі еңбек еткен Жезқазған театрының 49-шы маусымашарына қатысып, шығармашылық ұжыммен жүздескенін айтты.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы