МЕЦЕНАТ БЕКЗАТ АЛТЫНБЕКОВ: «КӘСІПКЕРЛІК БАЮДЫҢ КӨЗІ ЕМЕС, ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ЖОЛЫ»

Өнегелі де өнімді істердің басы-қасында жүрген айтулы азамат Бекзат Қомарұлы- жетім балалар мен мұқтаж жандарға, көп балалы отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетуден бастап, талантты балалар мен жастарды қолдап, жас мамандарды үймен қамтамасыз етіп, сондай-ақ, білім, өнер, спорт, денсаулық, ақпарат, баспасөз, шығармашылық  өкілдеріне атаулы сыйақылар тағайындап, тұрақты және ұзақ түрде демеушілік көрсетіп жүрген дарабоз.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Тұлға» сыйлығының негізін қалаушы және іс-шараның ұйымдастырушысы белгілі меценат, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Бекзат Алтынбеков мырзаға уақыты тығыз болса да бірнеше сауал қойып үлгердік.

– Бекзат Қомарұлы, жомарттық қазақтың қанында бар дүние. Алайда  ел руханияты үшін, тұлғаларды дәріптеу үшін дүниесін шашып жатқан ерлер аз? Бұл игі ісіңіз арқылы алға қойған мақсатыңызды білсек деп едік?

– Басты мақсат – бүгінгі заманның тұлғасын анықтап, оны көзі тірісінде құрмет биігіне шығарып, имиджін көтеру, жаңа белестерге ынталандыру әрі шабыттандыру. «Тұлға» сыйлығы осынау бір дархандықтың тағы да бір даңғыл жолы іспеттес. Бұл сыйлық – Тәуелсіз Қазақстан қоғамындағы өнер мен мәдениеттің шамшырағын жағып, білім мен ақпарат саласының басы қасында жүрген кәсіби һәм талантты жандарға табысталады. Ізгі ниет сонда жатыр түсінгенге.

– Қарағандының қайнаған тыныс-тіршілігінде өзіндік орны бар Достық үйінде өткен жылы үш мыңнан астам шара ұйымдастырылған екен. Қарап отырсақ көп-көрім жұмыс? Осы жайлы айта кетсеңіз?

–Бүгінде Достық үйінде мемлекеттік тілдің қолданысын одан әрі арттыру, қазақ ұлтының рухани құндылықтарын, жалпы еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстарға ортақ мақсат мен міндеттердің орындалуына бағытталған біршама жобалар қолға алынған. Соның ішінде қазақ халқының бай тарихы мен мәдениетін танып-білуге және елдің бірлігін дамытуды көздеген «Қазақтану» мәдени-ағартушылық орталығына тоқталғым келеді. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған «Қазақтану» жобасын көпшілік «табиғаттану», «қазақты таныту» деген мағынада ұғынып жатады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты ретінде құрылған жобаның басты мақсаты – өзге ұлт өкілдеріне мемлекет құрушы қазақ ұлтын таныстыру, Елбасы айтқан «ұлттық кодты» өзге этностарға көрсету арқылы ұлттық құндылықтарды қайта жаңғырту.

         – Сөзіңізді бөлейін, осы «Қазақтану» жобасы аясында облыстық Ассамблея екі жыл қатарынан «Ұлы дала елі» атты экспедиция ұйымдастырыпты. Жақсы бастама екен?

– Иә, рахмет. Өткен жылы аталмыш экспедицияға тарихшы-ғалымдарымызбен бірге мемлекеттік тілді еркін меңгерген этнос өкілдері де қатысып, олар Бұқар Жырау ауданы, Баянауыл, Павлодар, Семей өңірлерін аралап қайтты. Экспедиция қатысушылары Абай, Шәкәрім мұражайларын, Бұқар Жырау, Шарман Мұстафаұлы, Әлкей Марғұлан кесенелеріне барды. Өзге ұлт өкілдері бұл экспедициядан ерекше толқыныспен келді, олар қазақ ұлтының тарихы мен мәдениетінің қандай болғандығын замандастарына, құрдастарына айтып жүр. Бұдан артық не керек?

– Облыстық Ассамблея аймақтағы әлеуметтік көмекке зәру тұрғындардың жағдайынан үнемі хабардар болып, кез келген уақытта қол ұшын беруге даяр деп естідік. Осы жайлы тарқата айтсаңыз?

– Жыл бойына әр ай сайын ұйымдастырылатын «Қaйырымдылық кeруeнi» акциясы аясында өткен жылы 5 мыңнан аса шара өтiп, аймақтағы көпбалaлы, әлeуметтік жaғдaйы төмeн отбaсыларға 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді. Ассамблея қайырымдылық көрсету арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды ғана емес, жастардың бойында жанашырлық, ізеттілік, бауырмалдылық сияқты қасиеттерді сіңіруді басты мақсат етеді.

ҚХА жанынан құрылған қайырымгерлер мен меценаттар клубына бизнесте жүрген азаматтар кіреді негізінен. Қайырымгерлер клубының құрамындағы кез келген қайырымды жан ауыз толтырып айтарлықтай игі істерімен ерекшеленеді. Этномәдени бірлестіктердің көптеген өкілдері қайырымды істерін жарияламай, ешкімге дабыра қылмай жасағанды құп көреді. Бұл дегеніңіз, оң қолдың бергенін сол қол көрмесе деген тәлім ғой баяғы.

– Медиация ұғымы халқымыз үшін жаңа термин болғанымен, кешегі билер институтының жалғасы іспетті. Достық үйіндегі медиация кабинеті ел арасындағы көптеген даулардың сотқа жетпей шешімін тауып, халықтың өзара бітімгершілікке баруына мұрындық болып отырғаны қуанышты жаңалық. Бүгінде мұндағы медиаторлардың қатысумен алты жүзден астам дау тиімді шешіліпті?

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінің ынтымақта, бірлікте болуын бірнеше мәрте тілге тиек етті. Елбасының өзі ақсақалдар алқасын, билер кеңесін қолға алуды айтудай-ақ айтып жүр. Мәмілеге келу, бітімге бару, сөзге тоқтау біздің қанымызда бар, ата-бабамыздан келе жатқан үрдіс. Яғни медиация сөзі біз үшін қаншалықты таңсық болса, соншалықты жақын ұғым деп айтуға болады. Біздің облыс ассамблеясы білім басқармасымен, облыстық сотпен, полиция департаментімен медиация саласы бойынша өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойған. Меморандум аясында біршама жұмыстар атқарылуда. Мәселен, мектептерде туындаған қандай да бір кикілжің мәселелердің шешімін табуға көмектесетін мектеп медиациясы бар. Сондай-ақ, мектептерге аналар кеңесінің өкілдерін, өңірдегі бетке ұстар, ақылымен, өнегесімен жол көрсетер, қоғамда өзіндік орны бар ақсақалдарымызды жібереміз.

– Бекзат мырза, сөз соңында «Тұлға» сыйлығы атына заты сай болып биыл екінші рет өткізіліп жатыр екен, жақсы бастама жалғасын таба берсе деген тілек айтқымыз келеді.

– Рахмет сіздерге! Елден қолдау тапқан «Тұлға» сияқты сыйлықтар елімізде көбейе берсін! Жақсылықты асырып отырғанға не жетсін, шіркін! Алдағы уақытта да «Тұлға» өз биігінен түспейді деген ойдамын.

– Уақытыңызды бөлгеніңіз үшін Сізге де рахмет!

Мемлекетімізді өркендету, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында қайырымдылық пен қамқорлықтың орасан үлгісін көрсетіп жүрген мәртебелі меценаттың жарқын жолы еліміздегі басқа да кәсіпкерлерге, бай-бағыландарға үлгі болса қанекей.

Меценат Бекзат Қомарұлы айтпақшы, «кәсіпкерлікті баюдың көзі деп емес, халыққа қызмет етудің жолы» деп түйсінетін азаматтар қатары көбейгенде ғана ел іргесі бекіп, ұлтжанды азаматтардың еңбегі лайықты бағаланары еді-ау!

 

Нағашыбай Қабылбек