Нұрсұлтан Назарбаев:«Он екі мүшең сау болса, жұмыс істе!»

Қазір жаһандық дағдарыс. Бұл дағдарыс Қазақстанды да айналып кетпейді. Президентіміз Қазақстан халқына Жолдауында дағдарыстан шығудың түрлі жолдарын қарастырған. Елбасымыз Н. Назарбаев халыққа Жолдауында  «Он екі мүшең сау болса, жұмыс істе» деп қадап айтты. Еліміздің әл-ауқатын, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытына арналған қаншама мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істейді. Жұмыс істеймін деген адамға барлық жағдай жасалған. Сондықтан да бүгінгі күні Қазақстанда Елбасының Жолдауын қолдап, білімі мен біліктілігін, іскерлігін еліне қызмет етуге арнап, халқына қолдау көрсетіп жүрген жандар жетерлік.

ГОЛОВКИН ӨҢІРГЕ ИНВЕСТИЦИЯ ҚҰЙДЫ

Қарағандыда екібастұздық және қарағандылық кен орындарынан алынған көмірді байыту фабрикасы ашылды. Фабриканың қуаттылығы — жылына 500 мың тонна. Фабриканың ашылу салтанатына облыс әкімі Н.Әбдібеков қатысты. «Біз бүгін көмірді қайта өңдеуде озық технологияларды пайдалануды енгізуге негізделген жаңа өндіріс ошағын ашып отырмыз. Өндіріс Қарағанды өңірі экономикасының дамуына өз үлесін қоспақ. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі жоғары болады деген үміттеміз», — дейді Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков. Өндіріске инвестиция құюшылардың бірі — қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Геннадий Головкин. Әлем чемпионы ұлттық экономикаға инвестиция құю арқылы еліне пайдасын тигізгісі келетінін айтады.

Кәсіпорынның құрылтайшылары қатарында Геннадий Головкинмен бірге «KAZ Феррит» ЖШС, «Самұрық-Қазына»  ұлттық әл-ауқат қоры бар.

Аймақ басшысы Геннадий Головкинге ризашылығын білдірді.

Көмірдің сапасын арттыруға бағытталған инвестициялар қазақстандық көмір өнеркәсібінің ЕАЭО-та, одан кейін ДСҰ-да бәсекеге қабілеттілігін көтеруге негіз болмақ. Жаңа өндірісте 150 тұрақты жұмыс орны құрылады. Болашақта өндірісті кеңейту мүмкіндігіне қарай жұмыс орны арта түспек. «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС бас директоры Қайрат Найзабековтің айтуынша, жобадағы мемлекеттік инвестициялық компанияның үлесі — 25%.

ТАҒАМ ӨНДІРЕТІН ЦЕХ

Жезқазғанда арнайы тағам өнімдерін өндіретін цех ашылды. Индустрияландырудың аймақтық картасына енгізілген бұл жобаны «BAYAN компаниясы» ЖШС  жүзеге асыруда.

«BAYAN» серіктестігінің басшысы Әсия Искакова бұл қолға алған инвестициялық жобаның бірінші кезегі екенін, алдағы уақытта ауқымы кеңейе түсетіндігін атап өтті. Жабдықтар Қытай мамандарының қатысуымен монтаждалған. Желі бойындағы пластик құтыларды жасау, оларға сүзбе өнімін құйып, қатырма қағаздарын жапсыру үрдістерінің барлығы автоматтандырылған жабдықтар арқылы атқарылады. Цехта 12 адам жұмыс істейді. Жылына 360 мың литр шырын, 48 тонна сүзбе өнімдерін шығаруға арналған жаңа цех толық қуатына 2017 жылы көшіріледі. Аймақта корпорацияның ықпалымен құрылған кәсіпкерлер мен өнеркәсіпшілер қауымдастығы жұмыс істейді. Соған орай, арнайы тағамдар шығаратын цех «Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен құрылған көрінеді. Мәселен, жаңа жобаға жұмсалған қаржының 120 млн. теңгесін серіктестік өз қоржынынан шығарса, «Қазақмыстың» қолдауы бойынша 285 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, қала бюджетінен де 8,2 млн. теңге көмек көрсетіліп, инфрақұрылымдары жолға қойылды. Жаңа цехтың сүзбе өнімдері мен шырындары корпорация еңбеккерлерімен қатар Қарағанды, Балқаш қалаларының тұтынушыларына да жөнелтілмекші.

«BAYAN» компаниясы ендігі кезекте  2016-2018 жылдарға арналған тағы бір ауқымды инвестициялық жобаны жүзеге асыру үстінде. Сүт және сүт өнімдерін өндіруге бағытталған бұл жобаның құны — 176 млн. теңге. Оның 26 млн. теңгесін өздері қаржыландырса, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 150 млн. теңгені Қазақстанның «Даму» қорынан алып отыр.

«ДОСТЫҚ»  КООПЕРАТИВІ ӨҢІРДІ АЗЫҚПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕ

Қарағанды қаласындағы  «Достық» сауда-өндірістік кооперативінің бас директоры Бақыт Құсайынқызы Жәкішева 1993 жылы төрт тұлға қатысқан аукционда жеңімпаз атанып, Қарағанды қаласындағы С.Мұқанов көшесінің бойындағы шағын дүкенді сатып алады. Едені жоқ, жылу жүйесі тартылмаған, төбесінен тамшы ағатын ғимаратты жөндеуге біраз қаржы жұмсалады. Бақыт уақыт өткізбес үшін дүкеннің бір бөлігін наубайханаға айналдырып, жөндеу жұмысын нан пісіріп, сатумен қатар жүргізеді. Сол күндері тәулігіне жүз бөлке шығарылса, қазір ауысым сайын төрт жарым мың бөлке сауда орындарына жөнелтіледі. 22 жылдың ішінде өндіріс көлемінің қаншалықты ұлғайғанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Бүгінде нан саудасы нарығының 20 пайызы «Достық» кооперативінің үлесінде. Кооператив орта мектептердегі үш мыңнан астам оқушыны, әскери бөлімдердегі мыңға жуық адамды ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Сарбаздарды 22 жыл бойы ас-сумен қамтамасыз етіп, 2015 жылы Елбасының қолынан «Алтын сапа» марапатын алған. Кәсіпорынның Қарағанды, Саран қалаларында шағын дүкендері бар. Сондай-ақ, сауда агенттерінің көмегімен өнімдерін қалалардағы дүкендер арқылы да таратады. Тұтынушыларға сапалы нан және кондитер өнімдерін ұсынудағы осындай табысты еңбектеріне орай кооператив басшысы Бақыт Құсайынқызы «Парыз — 2009» мемлекеттік сыйлығына ие болған. Қазақстандағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшесі, «Ажар» сыйлығымен марапатталған.

БАЛҒЫНДАР ОРТАЛЫҒЫ

Қарағанды облысынан шалғай жатқан Қаражал қаласында жеке кәсіпкер Татьяна Герасименко мемлекеттің қаржылай қолдауы негізінде балаларға арналған ойын және демалыс орталығын ашты.

Татьянаның ойға алған ісінің жүзеге асуына кәсіпкерлер палатасының Қаражал қаласындағы филиалының кәсіпкерлікке қолдау көрсету орталығы көмектесті.

Кәсіпкер алдағы уақытта мүгедек балалар мен көп балалы отбасылардың бүлдіршіндері үшін қайырымдылық шараларын өткізуді жоспарлап, аталған санаттағы балғындардың орталыққа тегін кіру мүмкіндіктерін қарастырмақшы.

МАЛ БОРДАҚЫЛАУ АЛАҢЫ

Абай ауданындағы Ақбастау ауылында «Сарыарқа» АӨК-нің 3000 ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы ашылды.

Облысымызда алғаш рет ашылған бордақылау алаңы өңірдегі мал шаруашылығымен айналысып отырғандарға тиімді болды. Олар енді қолдағы малын етке өткізу үшін қалаға сабылмай, бірден  Ақбастауға жол тартып, малды тірідей тапсыра алады. Жобаның құрылтайшысы — кәсіпкер Нұржан Иманов. Жобаға «ҚазАгро» холдингінен 475 млн. теңге несие, қажетті техника күшін сатып алуға 375 млн. теңге қаражат бөлінді.   Алаңның    жылдық   қуаты — 800 тонна ет.

Шагурашид Мамалинов, облыс әкімінің орынбасары:

— Мұндағы малды ұстау, жемдеу процестері жаңашыл әдістер арқылы жүзеге асады. Барлық халықаралық талаптар толық сақталған. Осы нысанның арқасында жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі шешілді. Жаңа 60 жұмыс орны ашылды, — деп, нысанның заманауи  технологиялармен жабдықталғанын айтып өтті.

АСЫЛТҰҚЫМДЫ ҚОЯН АСЫРАҒАН

Қарқаралы қаласының 27 жастағы тұрғыны Жігер Кәрімұлы асылтұқымды қоян асырауды қолға алған. Шағын кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған жас кәсіпкер ең бірінші 5 қоян асырап алады. Қазіргі уақытта қоян саны 400-ге жуықтаған. Қоян асырау ісін дамыту мақсатында Белоруссия мен Ресей елдері арқылы тапсырыс беріп, Франция, Бельгия, АҚШ, Жаңа Зеландия секілді шет мемлекеттерден қоянның әртүрлі тұқымдас төлдерін де алдырған екен. Кәсіпкерліктің алғашқы баспалдағына өз қаржысымен қадам басқан  Жігер, кейіннен ауыл жастарына жаңа істі ашуына және әрекет етіп тұрған кәсіптерін дамыту мақсатында берілетін республикалық «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы негізінде облыс әкімінің қайтарымсыз грантына ие болды.

КІРПІШ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

Абай ауданының Қарабас кентінде «ТАSS-2006» ЖШС кірпіш зауытының жұмысын қолға алды. Мұнда сапасы жоғары силикат кірпіштер халықаралық стандартқа сай жасалады. Автоматтандырылған жүйемен жұмыс жасайтын зауытта жылына 8 млн. кірпіш өндіріледі. Біздің өнім тек облыс құрылыстарында ғана емес, Қазақстанның өзге облыстарында пайдаланылады. Тұтынушылар тарапынан тек мақтау естиміз, — дейді кәсіпорын директоры Мансұр Зиятдинов. Бүгінгі таңда мұнда 45 адам жұмыс істейді.

НАУБАЙХАНА МЕН ТОЙХАНА

Абай ауданындағы Құрма ауылына қарасты Жұмабек елді мекенінде тойхана мен наубайхана ашылды. Бақша Әбілқызы жұбайы Ерғазы екеуі бұрын наубайханасы мен тойханасы болмаған ауыл тұрғындарына жаңаша қызмет түрін ұсынуды мақсат етіп, құрылыс жұмысын қолға алады. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде 3 млн. теңге көлемінде 6 пайызбен жеңілдетілген несие алған. Несиені қолдағы қаржыға қосып, құрылыс жұмыстарына жұмсаған.

Жұмыссыз жүрген ауылдың 6 адамы осы жерде жұмыспен қамтылды.

Құрма ауылының әкімі Жанат Жұмаділ:

— Бұған дейін ауылда 18 жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұрған еді. Олардың қатарында 5 дүкен, 2 дөңгелек жөндеу орталығы, 1 ұстахана, қалғаны түрлі көлемдегі жол бойы қызметіне маманданған кемпинг-дәмханалар болатын.

Бүгінде наубайхана тәулігіне 300 бөлке нан мен түрлі кондитерлік өнімдерді пісірсе, 350 орындық «Ақасу» тойханасы той-томалақ өткізуге көптің игілігіне жарап тұр,— дейді.

ҚОНАҚҮЙ — ТУРИСТЕР ҮШІН

Шахтинск қаласында тұратын кәсіпкер Алмаз Омарбеков бұған дейін Шахтинскіде «Ертегі» атты балаларға арналған сауық кешенін іске қосқан. Кәсібін одан әрі дөңгелетіп, Шахтинск қаласының ортасында «Табыс» қонақүйін ашты.

Сегіз бөлмелік қонақүйде барлық қызмет көрсету саласы қарастырылған. «VIP»-тен эконом санатқа дейін бар. Қонақүйде 16 адам жұмыспен қамтылған. Шахтинск қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Лариса Буравко:

— Бұл — «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша қолға алынған жоба. Келешекте   жоспарланған    жобалар бар, — дейді.

ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЫСТЫҚ САМСА

Нұра ауданы орталығында кәсіпкер Қайырбек Қайратұлы арнайы тандыр самсасын пісіретін пешті көлікке қондырған. Самса осы жерден пісіріліп, ыстықтай тұтынушыға жетеді. Бір самса 200 теңге тұрады. Енді жас кәсіпкер тандыр нан пісіруді көздеп отыр. Арнайы пешке тапсырыс беріп қойыпты.

НАНДЫ ӨЗДЕРІ ПІСІРЕДІ

«Жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында Нұра ауданы, Кертінді ауылының тұрғыны Жаңагүл Мәжитқызы бизнес жоспарын жасап, «Даму» қорының қолдауымен 3 млн. теңгеге жуық несие алады.

Жаңа істі бастағанына бір айдың жүзі болмаса да, қазірдің өзінде үш ауылды дастарқандағы басты тағам — нанмен қамтамасыз етіп отырған көрінеді. Тек бір тағам түрімен шектеліп қалмай, тәтті тоқаш, кондитерлік өнімдерді де пісіріп, ұсынуда. Бағасы көптің көңілінен шығып отыр.

Жаңагүл алдымен жалға алған ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізген. Сосын нан өнімдерін пісіретін заманауи екі пеш сатып алған. Алдағы уақытта өз алдарына наубайхана және оны халыққа ұсынатын дүкен ашпақ.

Дайындаған Жұлдыз  Тойбек