БҚО-да аудан әкімі марапатталды

Батыс Қазақстан облысына қарасты Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжанов Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай арнайы медальмен марапатталды.

Аудан әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлім етілгендей, аудан басшысына арнайы марапатты Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев табыстаған.

 

 

Департамент басшысы Жасұлан Қыдырғожаұлы Бәйтерек ауданы басшылығымен кездесіп, Елбасы бастамасымен құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің ауқымды қызметіне тоқталды. Осы ретте ел тыныштығын сақтауға өз үлестерін қосып жүргені үшін басшылыққа ризашылығын жеткізіп, аудан әкімі Марат Лұқпанұлына төтенше жағдайдың алдын алу мен жоюда үздік шыққаны үшін берілетін арнайы медаль табыстаған.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай Бәйтерек ауданы бойынша бірқатар сала өкілдері төтенше жағдай кезінде көрсеткен қызметі, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін дамыту мен нығайтуға қосқан үлестері үшін облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталды.

Азаматтық қорғау органдарының мерейтойына арналған іс-шаралар облыс көлемінде жалғасын табуда.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы