ШЫНАЙЫ МЕРЕКЕ РЕСПУБЛИКА КҮНІ ЕДІ

Бүгін Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Жоғарғы Советiнде «Қазақ Советтiк Социалистiк Республикасының Мемлекеттік егемендiгi туралы декларация» қабылданғанына тура 30 жыл толыпты. Бұл өте бір қуанышты күн еді. Мен соның алдында ғана бір-екі апта бұрын ГДР қосылған Германияда, Нидерланды мен Францияда болып, сонда тұратын қазақ бауырлармен кездесіп қайтқанмын. Сол жаққа тағдыр айдап барған қандастарымыз Қазақстанның қабылдануға тиісті егемендік құжатын асыға күтіп жүретін. Өйткені, бүкіл әлем ол кезде тек «совиет унионды» (СССР-ді) біледі, Қазақстанды мүлде білмейтін. Өздерін қай елдің жұрты ретінде таныстыру үшін де, азат елдің азаматтары екенін паш ету үшін де керек болатын бұл оларға. Сол декларацияны қандастарымызбен бірге мен де, бүкіл қазақ халқы да асыға күттік. Екі-үш ай алдын үйлестіру кеңесінің мүшесі ретінде «Азат» халықтық қозғалысында егемендік декларациясының балама нұсқасын жасап, талқылағанымыз тағы бар. Қалай күтпейсің? Басқа одақтас республикалар мұндай декларацияларын баяғыда қабылдап қойған. Ал біз үшін өте бір жүрек лүпілдеткен шақ еді.

Бұл құжатты біз неге күттік?

Өйткені бұл құжатта Қазақстанның мемлекеттік егемендегі, аумағының тұтастығы, одаққа кіруге және шығуға еріктілігі, қазақ ұлтының өзін өзі еркін билейтіндігі, ізгілікті демократиялық құқықтық мемлекет құрылатындығы, мемлекеттің қазақ ұлтының тағдыры үшiн жауаптылығы тайға таңба басқандай айқын көрсетілді. Коммунистік партия мен СССР билеп тұрған заманда одақтас республиканың мұндай құқықтарға ие болуы үлкен жеңіс болатын. Декларацияның екінші бабының екінші тармағында: «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетiн, дәстүрiн, тілін қайта түлету мен дамыту және олардың ұлттық қадiр-қасиетiн нығайту Қазақ ССР-i мемлекеттiгінiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi болып табылады» делінген. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация одақтас республикалар ішінде соңғылардың бірі болып қабылданса да іс жүзінде бұл құжат болашақ Қазақ мемлекеттілігінің, оның Конституциясының лайықты іргетасы болатын. Өкінішке қарай билік біліп істесе де, білмей істесе де кейін Қазақ мемлекеттілігінің осы қазықты қағидаларын аттап өтті.
Рас, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылдануына тікелей өзім куә болған «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» қонституциялық заңында, 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстанның тұңғыш Конституциясында аталған декларацияның ұлттық мемлекет құруға байланысты талаптары ескерілген. Алайда биліктегілердің саяси жалтақтығы, орысқұлдық психологиясы, қазақ мемлекеттілігінің дамуынан үрейленушілік аса маңызды бұл құжатты біртіндеп кейінгі планға ысырып тастады. Тап осы саяси жалтақтық себебі де Тәуелсіздік туралы конституциялық заңның одақтас республикалар ішінде ең соңынан қабылдануына ықпал етті. Әлгіні өз басым ол кезде маған беймәлім әлдебір саяси қитұрқылықтардан туындаған қажеттілік шығар деп қабылдағам. Мұның тек саяси жалтақтықтан, қорқақтықтан туған бейшаралық екендігін араға ондаған жылдар түскенде ғана түсіндік.
25 қазан – Республика күні ретінде біраз жылдар тойланып жүрді де ақыры билік оны 16 желтоқсан –Тәуелсіздік күніне апарып қосты. Бірақ бұл мереке мен үшін де, республика патриоттары үшін де басты мереке болып қала береді. Мерекелеріңіз құтты болсын, ағайын!

 

Марат Тоқашбаевтың фейсбук парақшасынан