Ұлттық ұлан жауынгерінің ерлігі
Оралда ҚР Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі бір адамды ажалдан арашалап қалды деп хабарлайды өңірлік қолбасшылықтың баспасөз қызметі.
Көпір үстінен Шаған өзеніне секірген әйелді өлім ауызынан құтқарып қалған ержүрек жауынгердің есімі – Асқар Нұрғалиев. Кезекшілік қызмет ауысымынан қайтар жолында осындай тосын оқиғаның куәсі болған аға сержант жедел қызмет мекемелеріне хабарласып үлгеріп, өзі адам өміріне араша болу үшін бейтаныс жанның соңынан суға секіреді. Тез әрі батыл қимыл жасаған жауынгер өзін өлімге итермелеген 32 жастағы әйел адамды жағаға алып шығады. Осы сәтте оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері мен полиция жасағы да келіп жетеді. Жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген әйел адамның өмірі мен денсаулығына еш қауіп төнбегені белгілі болды.
Өзінің бұл әрекетін ерлік деп санамайтын аға сержант Асқар Нұрғалиевтің ойынша, адамға көмектесу – абыройлы іс. – Жерлесіміз А.Нұрғалиев адам өмірін құтқаруға байланысты төтенше жағдай кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының марапатына ұсынылды, – деді қолбасшылықтың баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтанов.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы