Теректіде толайым істер атқарылды

 

Батыс Қазақстанда жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қайырымдылық айлығы да өз мәресіне жетуге таяды. Осы ретте облыстың Теректі ауданында «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында атқарылған жұмыстардан хабардар болдық.

Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арайлым Тасенованың айтуынша, айлық аясында демеушілердің көмегімен күні бүгінге дейін қаржылай және заттай 241 адамға 1537,1 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген.

– «Мейірбандық күндері» айлығына және қарттар күніне орай жасақталған аудандық қайырымдылық жоспары аудан әкімінің орынбасарымен бекітіліп, ауылдық округтерге және мекемелерге жұмыстану үшін жолданды. Аудан бойынша қайырымдылық көмекті қажет ететін азаматтардың тізімдері жасақталып, әрбір ауылдық округтердегі кәсіпкерлердің демеушілігімен оларға көмектер көрсетілуде, – деді Арайлым Махметқызы.

Әрине, әлеуметтік санаты әр түрлі тұрғындарға сан алуан бағытта көмектер ұсынылуда. Айталық, жалғызбасты зейнеткерлер мен аз қамтылған жалғызбасты аналарды ауыл кәсіпкерлері ағаш отынмен қамтамасыз етсе, аз қамтылған, көпбалалы отбасылар киімдермен және оқу құралдарымен қамтылуда. Ал кейбір ауылдық округтердің шаруа қожалықтары қысқы мал азығына жинаған шөбі өртеніп кеткен жерлестеріне осы кем-кетіктерінің орнын толтыруға жәрдемдесуде. Осындай атымтай жомарттық танытқан кәсіп иелерінің қатарында «Скобейко» (басшысы Н.Скобейко), «Дуйсенгалиева» (Г.Дүйсенғалиева), «Дінислам» (М.Аманғалиев) және «Асхат», «Тұмар» шаруа қожалықтары, «ПоймаМайКомбинаты» ЖШС-лары бар. Сонымен қатар Ақсуат ауылының жастары жалғызбасты қариялардың үйінде сенбілік жұмыстарын жүргізсе, Шаған ауылдық округінің кәсіпкерлері мүгедек тұлғаларға азық-түлік таратты. Ал Федоров қазақ орта мектебінің ұжымы ардагер ұстаздарын құттықтап қуантты.

Айлық аясында әр ауылдық округке қарасты мекемелер, соның ішінде мәдениет, төтенше жағдайлар бөлімдері және балабақша ұжымы өздерімен қызметтес болған ардагерлермен кездесулер өткізіп, құрмет көрсетті.

Кейбір іс-шаралар карантиндік жағдайға байланысты қашықтан ұйымдастырылды. Теректіліктер қайырымдылық шарасы шеңберінде Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұрып жатқан жерлестерін де ұмыт қалдырмады. Аудандық мәдениет бөлімі ұйымдастырған аудан әкімінің бейнеқұттықтауын және мерекелік концертін бөлім басшысының міндетін атқарушы А.Лұқпанова жеткізді. Сонымен қатар осы мекеменің қамқорлығындағы теректілік ардагер Чуб Гаврил Яковлевичке Подстепное ауылдық округінің әкімі Сержан Мәдиев өз атынан азық-түлік себеті мен құттықтау хатын жолдады. Мұндай игілікті істен Подстепное №1 ЖОББ мектебі ұжымы да қалыс қалмай аталмыш орталықтан қызмет алатын мүмкіндігі шектеулі балаларға азық-түлікпен көмектесті.

– Көмекке мұқтаж жандарға қолұшын созу белгілі бір мерзіммен шектеліп қалмайды. Аудан көлемінде мұндай игі шаралар жыл бойына жалғасады. Осы қайырымдылық айлығында жасалған жүйелі жұмыстар қоғам назарынан шет қалмайды. Алдағы күндерде облысымыздағы Қазталов, Ақсай, Бөрлі, Круглоозерное арнаулы әлеуметтік қызмет орталықтарына қайырымдылық концертін ұйымдастыру көзделуде, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы А.Тасенова.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы