Жүзеге асырылар жаңа жобалар баршылық
Жуырда «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» Заңды Тұлғалар Бірлестігі («МОАА» ЗТБ) жергілікті БАҚ өкілдерін жиып, облыстық ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері басқармаларының, ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің, денсаулық сақтау басқармасының «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығының» мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстары аясындағы қызметтері және БҰҰ «Даму» бағдарламасының қолдауымен жүргізілетін әлеуметтік жобалардың басталғаны жайлы жариялады.
Сонымен қатар, кездесуге ҮЕҰ-ға өз жобаларын ұсынған мемлекеттік мекемелер мен Басқармалардың өкілдері де қатысты.
«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» Заңды Тұлғалар Бірлестігінің басшысы Жібек Ахметова:
— «Азаматтық альянс» Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша екі жобаны жүзеге асыратын болады. «Ауыл және жұмысшы жастарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру» жобасы аясында ауыл жастарына жастар саясаты бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру бойынша 20 елді мекенде жастар керуені өткізіледі, оған 500-ден астам брошюралар шығарылады.
Жастар белсенділері мен ауыл округтарының жастар ресурс орталықтары мамандарының білімін арттыру бойынша тренингтер өткізу жоспарланып отыр. Жұмыс барысына барлық мүдделі тараптардың ресурстары жұмылдырылатын болады (мемлекеттік органдар, жастар орталықтары, ҮЕҰ, БАҚ).
Жоба аясында бірінші рет Маңғыстау жастарының Паспорты жасақталатын болады, ол жинақ жастарға қатысты кез келген ақпаратты қамтитын болады. Жоба нәтижесінде ауыл және жұмысшы жастардың форумы өтеді, форум барысында жастардың өзекті мәселелері талқыланып, аталған проблемаларды шешу бойынша ұсыныстар жергілікті атқарушы билікке жеткізіледі.
Екінші жоба бойынша Маңғыстау облысындағы жастар ахуалына кешенді диагностика жасау мақсатында әлеуметтік зерттеулер жүргізіледі: жастардың қажеттіліктері мен жастарды толғандыратын өзекті мәселелері анықталып, негізгі мәселелерді шешу бойынша практикалық ұсыныстар дайындалатын болады, — деп мәлімдеді.
Шара барысында Денсаулық сақтау басқармасының «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығы» МКҚК-мен бірлесіп «Медициналық мекемелердегі ішкі аудит және Call-орталықтарының қызметі жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру» жобасы жүзеге асырылатыны белгілі болды.
Жібек Ахметованың айтуынша, жоба барысында 1000 дана ақпараттық кітапшалар және 50 плакат тұрғындардың көп жиналатын орындарында (ХҚКО, авто ХҚКО, пошта, банктер және т.б.) тарату және орналастыру, тұрғындардың медициналық мекемелердегі ішкі аудит және Call-орталықтарының қызметінің сапасы жөнінде сауалнама жүргізу көзделген. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын медициналық мекемелердегі ішкі аудит және Call-орталықтарының қызметі туралы ақпараттандыру науқаны өткізіледі.
Келесі жобаның ерекшелігі туралы әңгімелеген Алтынзер Көшенова:
— ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша Департаментінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізу, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша кешенді шаралар (дөңгелек үстел, семинар-тренинг, кәсіпкерлерге арналған форум, ғылыми-тәжірибелік конференция, диалогтық алаңдары) «Азаматтық бақылау» жобасы аясында облыс көлемінде ұйымдастырылып, өткізіледі.
Сондай-ақ, жоба барысында Маңғыстау облысы тұрғындарының арыз-шағымдарын қарастыратын қоғамдық қабылдауы ашылады, мұнда мемлекеттік қызмет сапасына, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» Заңының және Әдеп кодексінің талаптарының орындалысына мониторинг жүргізіледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижесінде мемлекеттік органдарға ұсыныстар дайындалады, — деп атап өтті.
Жібек Ахметова: «Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша «Мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы диалог пен ынтымақтастықты дамыту жұмысын ұйымдастыру» жобасы аясында облыстың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерін, бейбіт қоғам мен ұлтаралық келісім сұрақтарын бейнелеген ең үздік жұмыстарды анықтау мақсатында «Алтын қалам» байқауы өткізіледі, сонымен қатар БАҚ өкілдерінің журналистік шеберліктерін арттыру, заманауи PR-технологияны пайдалану және тағы басқа тақырыптар бойынша білімін жетілдіру тренингтері ұйымдастырылады», — деп мәлімдеді.
Жобаның мақсаты — журналистердің кәсіби шығармашылық белсенділігін арттыру, журналистикалық білім беру жүйесін дамыту.
Жобаның іс-әрекеті — журналистикалық қоғамдастықты шоғырландыру, мемлекеттік органдар мен БАҚ арасында диалогты және өзара іс-қимылды дамыту бойынша жұмыстарды ұйымдастыру және тәжірибелік іс-шараларды өткізу;
Сарапшылардың қатысуымен өзекті тақырыптардың аясында журналистер мен мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтерінің біліктілігін арттыру мақсатында оқыту семинар-тренингтерін өткізу;
Журналистердің арасында «Алтын қалам» облыстық байқауын ұйымдастыру;
БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеу жоспарланып отырғаны белгілі болды.
— Биылғы жылдың шілде айында «Азаматтық альянс» БҰҰ «Даму» бағдарламасының қаржылай қолдауымен жұмыссыз ауыл әйелдерін оқыту және білімін жетілдіру арқылы жұмысқа орналастыру бойынша әлеуметтік жобасын бастаған болатын. Қазіргі таңда жобаға қатысушы әйелдер «Прогресс-сервис-2» оқыту орталығында аспазшы-кондитер мамандығы бойынша білім алуда.
Оқу аяқталысымен жоба командасы әйелдердің жұмысқа орналасуына ықпал етіп, өз ісін ашу бойынша кеңестер береді. Сонымен қатар, әйелдерге торттар мен кондитерлік өнімдер пісіріп үйрету бойынша шеберлік сыныптар ұйымдастырылады.
Сондай-ақ, жоба қатысушылары арасында торттар байқауы өткізіліп, оған кондитерлік цехтер мен фабрикалар басшылары, кәсіпкерлер шақырылады, іс-шара барысында жұмысқа қабылдану бойынша келісім алуға мүмкіндік туады.
Жобаға Ақтау қаласынан және облыс аудандарынан 12 жұмыссыз әйел қатысуда, — деді «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» Заңды Тұлғалар Бірлестігінің басшысы Жібек Ахметова.
Айман Оңғарбайқызы