Мамандық таңдай біл..!

Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау.
Ең қиын мамандық – адам болып қалу.

Хосе Хулиан Марти Мамандық… «Мамандық» сөзінің өзі латын тілінен аударғанда: «жұрт алдында сөйлеу, жариялау» дегенді білдіреді екен.
Бірақ болашағымызбен тікелей байланысты бұл сөздің бұлай аударылатынын қазіргі жастардың көбісі біле бермейді, тіпті менде енді ұға бастағандаймын. Бұрындары, яғни есте жоқ, ескі заманда мамандықтың қазіргідей түр-түрі болмаған, әр адамның өз қолынан қандай жұмыс келеді сол жұмысты істеп, өмір сүрген. Ал қазір ше? Заман өзгерген сайын, адам да жетіліп, нарықтық қарым-қатынас пайда болып, қоғам дамып, дүниеге түрлі жұмыс, сәйкесінше, түрлі мамандық келе бастады, әлі де олардың шегі көрінер емес. Дегенмен саны бар, сапасы болмаса оның елімізге, өзімізге не пайдасы бар?!
Мамандық таңдау — тағдырыңды таңдау деген сөз. Кейінгі өмірде өкінбейтіндей, өз қабілеті мен бейімділігіне сай кәсіп түрін таңдау… Бұл — өте жауапкершілікті және маңызды іс. Мамандықты таңдау үшін, адам ең алдымен өзін, өз бейімділігін тануы қажет. Өз — өзіне «Мен кіммін?», «Осы өмірдегі менің орным қандай?», «Қалай өмір сүремін?» деген сұрақ қоюы керек деп ойлаймын. Мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйенуі керек.
Мен ауылды жерде дүниеге келіп, ауылды жерде өскен соң маған ауылдың проблемалары жақсы таныс. Сондықтан, мен мектепті ойдағыдай аяқтап ойланбастан бірден ауылшарушылығы мамандығын таңдап Алматы зоотехникалық ветеринарлық институтының ветеринарлық дәрігер мамандығына тапсырып үлкен өмірге осы білім ордасынан жолдама алдым.
Ең алдымен, осы мамандықты таңдаған кезде, бір сәт болсын үлкен жауапкершілікті сезініп, нақты әрі салмақты түрде ойлана бастадым. Жастық шақтағы мамандығым? Мені қиындығы мен қызығы бірге жүретін үлкен Өмір жолына алып келді.
Себебі, жастық шақтағы мақсаттардың өзі үлкен-үлкен армандардың бастауы еді. Яғни ол кезде тек армандаумен шектелетін едік. Ал уақыт өте мүлде басқа көзқарастар, мүлде басқа пікірлер қалыптасады екен.
Алға талпыну – тыныштықты жоғалту, бір орында қалып қою – өзіңді жоғалту болып саналады. Одан соң болжау, нақты қайда бара жатырсың, не үшін бара жатырсың, соны болжалдап, нақтылап алып болған соң ғана талпынуымыз керек. Ал жетістіктерге қол жеткізу үшін, әрекет етіп қана қоймай, қиялдауымыз да керек, жоспарлап қана қоймай, сенуіміз керек. Ең бастысы – сенім. Алға қойған мақсаттарым үшін еңбек етсем, сол мақсаттарым болашақта елім үшін, мен үшін еңбек ететін болады. Мен оған сенімдімін!

 

Мәден Мұсаевтың фейсбук парақшасынан