Шахан тұрғындары облыс әкіміне кент мәселелері жайлы айтып берді
Шахандағы қазандық құрылысы 2021 жылы аяқталады. Қазір нысанда 50 адамнан құралған бригада жұмыс істейді. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде. Ол осы жылдың шілде айында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша басталды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Шаханда болып, қазандық құрылысының барысын қарап, халықпен кездесті.
Шахандықтардың үйлеріне жылу, жоспарланғандай, келесі жылыту кезеңінен бастап орталық қазандықтан беріледі. Ол жаңа, энергия тиімді технология бойынша салынуда. Бұл көмірдің кез-келген түрін пайдалануға мүмкіндік береді. Қазандықтың қуаты жеткілікті етіп салынуда. Мамандардың айтуынша, бүкіл ауылға 35 гигакалория жеткілікті, ал кент кеңейген жағдайда ол жаңа үйлерді де жылыта алады.
— Жаңа нысанда үш қазандық бар. Технология — төмен температуралы қайнау қабаты. Қазіргі уақытта біз ғимаратты жабуды аяқтаудамыз. Жабдық қазір нысанда. Алдағы аптада біз оны орнатамыз. Келесі жылы жылу трассасын жүргізіп, нысанды абаттандыруды аяқтау қалады,- деді құрылыс компаниясының бас директоры Әмір Дәулеталиев.
Ауылдың өзінде орамішілік желілер салынуда. Жеңіс Қасымбекке жұмыс жоспар бойынша жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Сонымен қатар, облыс әкімі кенттегі басқа да нысандарды аралады. Атап айтқанда, ол бос екі қабатты ғимаратты аралап көрді, оны бүгінде, мысалы, білім беру нысаны ретінде пайдалануға болады.
— Екі апта ішінде мұнда не істегілеріңіз келетіні туралы нақты жоспар жасаңыздар. Жақсы ғимарат. Сондықтан оны жергілікті халықтың қажеттіліктерін ескере отырып, қай бағытта бейімдеу керектігін ойластыру керек, — деді Жеңіс Қасымбек.
Одан әрі өңір басшысы кенттің ең өзекті мәселелерін көтерген тұрғындармен кездесті. Олар қарттар үйін жөндеу қажет екенін айтты. Балабақшалар немесе білім беру орталықтарын жасауға болатын бос ғимараттар бар. Қысқы уақытта айналысуға болатын спорт нысандары жоқ. Жаттықтырушылар да жеткіліксіз. Кенттік полиция бөлімінің бастығы жоқ. Жеке секторда интернет әлсіз. Кәріз жүйесін ауыстыру қажет.
— Бүгін сіздерді тыңдау үшін арнайы кездестіп отырмыз. Сіздер маған Facebook-те жаздыңыздар, келуге шақырдыңыздар. Сондықтан сіздердің пікірлеріңізді ескере отырып, кенттің дамуына басымдық бергіміз келеді. Барлық көтерілген мәселелер бойынша шешім табамыз. Белсенділік, жанашырлық және көмектесуге деген ықыластарыңыз үшін рахмет! — деп түйіндеді облыс әкімі.