Мұзбалақ ақынға ескерткіш орнатылмақ
Мәденет пен өнер қызметкерлерін әспеттеген іс-шараға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысып, сөз сөйледі. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайына бүкіл облыс аумағының мәдениет пен өнерге қатысты бетке ұстар қызметкерлері жиналды. Ұлттық мәдениеттің бір бөлігі іспеттес Жетісу — қасиетті өлкенің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені. Қабан жырау, Ескелді, Балпық билерден бастау алып, Молықбай күйші, Сүйінбай, Жамбыл, Бақтыбай, Ілияс, Сара, Дәнеш, Мұқан сияқты саңлақтар көтерген өнердің тұғыры әрқашанда биікте. Бұл жөнінде өзінің құттықтау сөзінде өңір басшысы кеңінен тоқталып өтті.
Жыл он екі ай мәдени іс-шаралар қоғам өміріндегі құндылықтарымен ерекшеленіп келеді. Үстіміздегі жылы «Әлем таланттары» қорының шақыруымен Мұқан Төлебаев атындағы ұлт аспаптары оркестрі Мәскеу қаласына барып, ұлттық өнерді дәріптеп қайтса, Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның бірнеше өнер иелері Қытайдың Үрімжі қаласына барып, ел алғысына бөленді. Облыс бойынша ақын Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына орай әртүрлі тағлымды іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Жылдан-жылға ұлттың қуаты, рухани болмысы, ақыл-ой парасаты болған мәдениет саласына бөлінетін қаржы көлемі артып келеді. Үстіміздегі жылы мәдениет саласының бюджеті 4,5 млрд. теңгені құрап отыр. Жаңа музыкалық аспаптар және сахна киімдерін сатып алу үшін «Алтынай» ансамбліне қомақты қаржы бөлініп, жаңа автокөлік сатып алып берілді.
Үстіміздегі жылы еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығаруға 24 млн. теңге қарастырылған, оның ішінде Еңбек ерлері ақын Олжас Сүлейменовтың және жазушы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын ағылшын тіліне аударуға қаржы бөлінбекші.
Биылғы жылдың маңызды іс-шарасы ақын Сүйінбай Аронұлының ескерткіші Түркияның Анкара қаласында, Жамбыл Жабаевтың ескерткіші Сербия Республикасының Белград қаласында бой көтермекші. Ал ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бюсті Талдықорған қаласында ашылған «Жастар» жасыл саяжайының ортасына орнатылып, жас ақындар мен қаламгерлердің жиналып, бас қосатын орнына айналмақшы.
Әрине, қазіргі кезде театр өнерінің де да қоғамдағы ролі өскені белгілі. Осы саланы қолдау мақсатында алдағы маусым айында болашақта Талдықорғанда бой көтеретін жаңа театрдың орнын белгілеу салтанатты шарасы өтпекші. Оған атақты әнші Бибігүл Төлегенова, актер Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Досхан Жолжақсынов және Талғат Теменов т.б. өнер жанашырларын шақыру жоспарлануда.
Облыста мәдениет пен өнер қызмет-керлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына көңіл аударылып отыр. Өткен жылы Бикен Римова атындағы драма театры мен филармонияға 18 пәтер берілді. Ал «Алтынай» ән-би ансамбліне 10 штат бірлігі, Қарасай ауданындағы жаңа ашылған «Анаға тағзым» мұражайға 9 бірлік, «Үш қоңыр» ансамбліне 35 бірлік қосымша қарастырылды. Темірбек Жүргенов атындағы театр институтының 10 жас актері облысқа жұмысқа шакырылды. Осындай қамқорлықтардың барлығы өңірдегі мәдениет пен өнердің одан әрі дамып, өркендеуіне септігін тигізетіні сөзсіз.
Өңір басшысы осы салтанатты шарада бірқатар өнер адамдарына Құрмет грамотасын табыс етіп, мәдениет саласы ұжымдары мен қызметкерлері арасында 16 номинация бойынша жүргізілген байқау жеңімпаздарын марапаттады. «Үздік мәдениет мекемесі» аталымының жеңімпазы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы облыстық өлкетану мұражайына жеңіл автокөліктің кілтін, Жамбыл аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбліне су жаңа шағын автобустың кілтін табыстады.
Мінбеге көтерілген ақын Надежда Лушникова апамыз ойын қара сөзбен емес, өлеңмен жеткізгенді жөн көріпті. Алакөл аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Арнұр Садықов мәдениет пен өнер саласына жасалып жатқан қамқорлықтарды тілге тиек етті. Шара соңы «Өнер — өшпес мұра» атты концерттік бағдарламаға ұласты.
Нұрила Бектемірова