ЕРЕН ЕҢБЕК БАҒАЛАНҒАН КҮН
Өткен аптада аудан орталығы Мойынқұм ауылында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке басталар алдында ауылдың кіре берісіне жаңадан салынған «Мойынқұм ауданының төл құжаты» стелласын ашу салтанаты болды. Мұнда алдымен сөз алған аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған игі істердің бірі – аудан орталығына кіре беріс жолдың бойына сол ауданның қысқаша мәліметі жазылған стелла орнату тапсырмасы орындалғанын атап өтіп, ауданымыздың 55 жылдығына орай 55 нысан пайдалануға берілгенін жеткізді. «Бүгін ауданымыздың елді-мекендерінен келген еңбек ардагерлеріне солардың біразын таныстырамыз»,- деді ол. Содан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев ауыл көркіне жаңаша сән беріп, елді қуантып отырған стелланың ашылуымен құттықтады. Стелланың ашылу лентасын аудан әкімі Мәден Мұсаев пен аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев қиды. Ақ жаулықты аналар, қыз-келіншектер шашу шашты. Стелла жанындағы Мойынқұм ауылының кіреберіс қақпасы да ерекшелігімен көз тартатынын айта кеткен жөн. Бұл әсіресе түнгі мезгілде ерекше көрініс береді.
Мұнан кейін үш жолаушылар көлігіне аудан әкімі М.Мұсаев пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ш.Исабеков бастап отырған қонақтар биыл жөнделген Ш.Тайбағаров, М.Әуезов, Күлекеев, С.Нарымбетов, Б.Омаров, Ж.Қуанышбаев Құлбаев, С.Мұқанов, С.Сейфуллин, А.Байтұрсынов көшелерімен жүріп өтіп, Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі жанынан соғылған шағын футбол алаңын, ауылдың шеткі ағын су бармайтын көшелеріне арнап салынған цемент астау (лоток) су жүйесін, аудан әкімдігінің жаңа ғимаратын, аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының жөндеуден өтіп, жаңа кейіпке енген ғимаратын көрді.
Биыл №8 Мойынқұм колледжінің бос қалған жатақханасы 12 отбасыға ыңғайластырылып пәтер ретінде жөнделді. Осы күні аз қамтылған, көп балалы 6 отбасыға пәтер кілтін тапсыру рәсімі болды. Жеке баспанаға ие бола алмай жүрген Сұлушаш Жолдыбаева, Айгүл Ермұратова, Қаламқас Жолдыбаева, Перизат Асқарова, Меруерт Жуанышева, Нұргүл Жалбиевалар аудан басшысы Мәден Тоқтарбайұлының қолынан пәтер кілтін және көрімдік ретінде теледидар алды. Пәтер кілтін қолына алған көп балалы ана Сұлушаш Жолдыбаева өздерінің әлеуметтік жағдайын ескеріп, пәтер алуға көмек берген аудан басшысына аналық алғысын жеткізді. Содан соң аудан әкімі М.Мұсаев пен қонақтар пәтерлерді аралап көріп, қоныстанушылардың қуанышымен бөлісті. Сұлушаш Жолдыбаеваның пәтеріне кірген кезде оның ағайын-туыстары шашу шашып, жүрекжарды қуанышпен қоныс тойы дастарханын жасап қойыпты. Аудан басшысы бастаған топ дәмнен ауыз тиіп, ауданның Құрметті азаматы Бекмұрат Жамбылов батасын берді.
Жәрмеңке күрделі жөндеуден өткізіліп жаңа кейіпке енген Абылайхан алаңында «Мойынқұмның даласы мен әуені» атты кездесуге жалғасты. Алаңның бір бұрышында ауданымыздың әрбір ауылындағы шаруа қожалықтары өндірген қой-сиыр еті, балық, тары-талқан, құрт-ірімшік, бақша дақылдары сатылып, ауыл тұрғындары өздеріне қажеттілерін арзандатылған бағамен сатып алып, мәз-мейрам болып жатты. Балалар шығармашылық орталығы, экология орталығы, аула клубы, өнер және қосымша білім беру мектебі тәрбиеленушілерінің қолдарымен жасалған түрлі бұйымдарды, аудандық орталық кітапханасының кітап жәрмеңкесін аралап, көрушілердің қатары көп болды.
Жәрмеңкеге келушілер алаңға жаңадан қойылған LED экран арқылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар негізінде облыстық «Жамбыл-Тараз» телеарнасының журналисі Айбол Қараш дайындаған бейнероликті тамашалады. Мұнан кейін аудан әкімі Мәден Мұсаев жаңадан салынған сахна төріне көтеріліп, дүниежүзін камтыған індетке қарамастан аудан көлемінде үстіміздегі жылдың он айында ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс, жол жөндеу және тағы басқа салалар бойынша атқарылған қыруар тірліктерді жатық тілмен баяндап, әр салада еңбек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне елеулі үлестерін қосқан 57 азаматты «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін «Батеке», «Айдос» шаруа қожалықтарының жетекшілері Мархабат Тезекбаев, Дариға Егімбаева 900 мың теңгелік, «Қайсар», «Мереке» шаруа қожалықтарының жетекшілері Жайдар Қаржаубаев, Таңатар Қалқаман 800 мың теңгелік, «Ырыс», «Иса» шаруа қожалықтарының жетекшілері Тұрар Сарбасов, Талғат Құлдыбаев 700 мың теңгелік, «Бағлан», «Мыңжасар», «Диас», «Айбатыр» шаруа қожалықтарының жетекшілері Батырбай Қораласов, Нұржан Тәткеев, Болат Терлікбаев, Нұрлыхан Нұршаев 600 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Ауыл шаруашылығы саласын телеарна мен баспасөз беттерінде насихаттаған әріптестеріміз, «Жамбыл-Тараз» телеарнасының тілшісі Айбол Қараш 200 мың теңгелік, «Мойынқұм таңы» газетінің тілшісі Уалихан Жайлау 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Марапаттарға ие болған азаматтарға жуырда ғана баспадан шыққан аудан туралы журналист Самат Серікбайұлының «Мерейлі өлке – Мойынқұм» атты фотоальбомы қоса берілді.
Кезекті сөз кезегін алған шығанақтық еңбек ардагері Бейсенхан Екібаев пен ауданымыздың Құрметті азаматы, еңбек ардагері, айдарлылық Несіпбай Есілбаев ауданымыздың өсіп-өркендеуіне қомақты үлестерін қосқан әртүрлі жастағы еңбек озаттарының еңбектерін ескеріп, «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалімен, қаржылық сертификаттармен марапаттағаны үшін және ауданда кейінгі жылдары атқарылып жатқан игілікті істерге ризашылық сезімдерін білдірді.
Марапаттау рәсімінен соң аудандық Мәдениет үйінің әншілері ән-күйден шашуларын тарту етті.
Жолдыбай ДӘМЕТОВ,
«Мойынқұм таңы».
Суреттерді түсірген У.Жайлау.