Жұқпадан сақтану шараларын ескертті

Жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысқан БҚО денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және жаңа толқынға дайындық барысы туралы баяндады.

Басқарма өкілінің айтуынша, ағымдағы жылғы 6 қарашадағы жағдай бойынша облыста коронавирус жұқпасын барлығы 7142 адам жұқтырған. Соның 6847-сі ауруынан айықса, 121 науқас қайтыс болған. Соңғы тәулікте 49 жаңа жағдай тіркелгенін атап өткен Гүлнәр Мақсотқызы коронавирус белгілері бар пневмонияға 149 науқас шалдыққанын айтты. – 185 орындық төрт карантиндік стационарға 41 адам орналастырылды. 333 төсек-орындық алты жұқпалы аурулар ауруханасында 138 адам емделуде. Сондай-ақ 26 реанимациялық төсек дайындалып, 11 адам орналастырылды. Олар 63 жастан асқан тұрғындар. Ал оттегі концентраторы аппаратына үш адам қосылды, – деді басқарма басшысының орынбасары. Сонымен қатар 2044 төсек-орындық резервтік орын дайындалған.

Азаматтарға ыңғайлы болу үшін және науқастарды жедел анықтау мақсатында «109» CALL-орталығы тәулік бойы үш ауысымда жұмыс жасауда. Басқарма өкілі соңғы күндері өңірде ауру жұқтыру фактілерінің өскенін жеткізді. Әсіресе, зейнет жасындағы 10 науқас жансақтау бөлімінде жатқызылған, олардың барлығында коронавирустық инфекциямен қатар созылмалы аурулары асқынған.

Дәрігерлер пандемияның жаздағы көріністеріне ұқсас жағдайлар қайталануда деп дабыл қағып, тұрғындарды жұқпаның алғашқы белгілері байқала салысымен медициналық көмекке жүгінуге шақыруда. Бүгінде облыста жедел жәрдем қызметінен басқа емханаларда барлық қажетті құралдармен жабдықталған 123 жылжымалы бригада бар.

– Біз адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, тәуекел тобындағы адамдардың оқшаулануын қамтамасыз етуге тырысуымыз керек. Әсіресе, егде жастағы, жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар азаматтар сақтануы тиіс. Инфекция тасымалдаушысы болуы ықтимал балаларға гигиена ережелерін түсіндіру қажет, – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы