Қауіпсіздік шараларын ескертті
БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің дағдарыс орталығында «Күз және қыс мезгілінде балық аулаудағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында жиын өтті.
Аталмыш департаменттің баспасөз қызметі жиынға Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник А.Ахметжанов қатысқанын хабарлады.
– Балық аулау – бір жағынан қызықты, оған қоса қауіптілігі де жоқ емес. Әдетте, әуесқойлар балық аулауға жыл мезгіліне сай жабдықталып, соның ішінде ауыр резеңке комбинезондар киеді. Олар, әдетте, суға қайықпен жүзеді де, құтқару құралдары туралы ұмытып кетеді. Кез келген абайсыз қозғалыс тепе-теңдіктің жоғалуына әкелуі мүмкін. Мұндай сәтте адам бірден суық суға құлап, егер үстінде құтқару көкірекшесі болмаса, су түбіне кетеді, – деген сала өкілі балықшылар білуге тиісті қауіпсіздік ережелеріне тоқталды. Атап айтқанда, су қоймасына техникалық жарамды жүзу құралында ғана жүзу, оны шамадан тыс жүктемеу, құтқару кеудешесін қолдану, алкогольді ішімдік ішпеу секілді қағидаларды еске салды.
Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды балық аулаудағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, балық аулауға барарда қайықтың, оның ескектерінің жай-күйін мұқият тексеруге шақырды. Кез келген төтенше жағдай туындаған кезде шұғыл «112» нөміріне қоңырау шалу қажеттігін ескертті.
Жыл басынан бері Батыс Қазақстан облысы аумағында үш балықшы суға батып кетсе, алты адам құтқарылған. 2019 жылдың ұқсас кезеңінде сегіз балықшы суға кетіп, екі адам құтқарылған.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы