Бір тәулікте – отыз жағдай
Батыс Қазақстан облысында өткен тәулікте коронавирус індетін жұқтыру бойынша отыз жағдай тіркелген.
Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев мәлімдеді.
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдан хабардар еткен департамент өкілі Н.Мұстаев: – Жалпы облысымызда «COVID-19» жұқпасының 7382 жағдайы тіркелсе, оның ішінде симптомдармен – 3622, симптомсыз – 3760 жағдай орын алды. Сырқаттанушылықтың жалпы көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1119,5-ті құрады. Індеттен 6922 адам сауығып, өкінішке орай 128 адам қайтыс болды. Апта сайын коронавирустық инфекциямен сырқаттанушылықтың орта есеппен 59%-ға өсуі байқалады, – деді.
1-12 қараша аралығында коронавирустық инфекциямен барлығы 358 жағдай тіркелген. Оның ішінде 140 жағдайда ауру белгілері байқалса, 218-інде ауру белгілері болмаған. Ал өткен тәулік ішінде облыста коронавирустық инфекциямен 30 жағдай тіркелген.
Бұдан әрі мемлекеттік шекараны кесіп өткен азаматтар туралы айтып өткен Н.Мұстаев 1-12 қараша аралығында шекарадан барлығы 8559 адам өткенін жеткізді. Олардың ішінде ПТР-тестілеу анықтамасы болмаған 159 жолаушы үш тәулікке карантиндік стационарға орналастырылып, тестілеуден өткен. Нәтижесінде төртеуінде тест қорытындысы оң нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар халықаралық жүк тасымалымен айналысатын 1577 жүргізушіден де анықтама жоқ болуы себепті ПТР әдісімен тест алынып, 14 адамда оң нәтиже көрсеткен.
Үстіміздегі жылдың қараша айынан бері облыс бойынша барлығы 15747 адам зертханалық тексеруден өткен. Бүгінгі күні облыс ПТР диагностикасы үшін 32 646 зерттеуге арналған 652 тест-жүйесімен қамтамасыз етілген. Тағы бір айта кетерлігі, БҚО-да қараша айының басынан бері мониторингтік топтар карантин талаптарына бағынбаған 41 нысанның жұмысын әшкерелеген.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы