БҚО әкімі өңірдің даму көрсеткіштерімен таныстырды
Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Мемлекет басшысының Жолдауы шеңберіндегі аумақтық даму туралы баяндады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауының орындалу барысымен және осы жылдың 10 айындағы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырған өңір басшысы Ғ.Есқалиев ауыл шаруашылық саласына айрықша тоқталды.
– Мемлекет басшысының Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап көрсетілген. Соңғы екі жылда 909,8 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталып, мемлекетке 113 мың гектары қайтарылды. 2020 жылдың 10 айында ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,6%-ға өсіп, 167,7 млрд. теңгені құрады. Саладағы еңбек өнімділігі 2 тоқсанда 1,7 есе өсіп, 720 мың теңгеге дейін жетті. Ал инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсіп отыр, – деді Ғали Нәжімеденұлы.
Өңір басымдықтарының бірі – етті мал шаруашылығын дамыту. Батыс Қазақстан ірі қара мал басы бойынша республикада 4-ші орында. Асыл тұқымды ірі қара мал өсіру жағынан да Батыс Қазақстан көш бастап тұр. Ал етті бағыттағы ірі қара малын өсіруден облысымыз екінші орында. Облыс әкімі Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы кооперативтерін біріктіру тапсырмасы бойынша Тасқала ауданында пилоттық жоба енгізілгенін жеткізді. Жобаны толықтай іске асыру үшін бірқатар кедергілерді жою мақсатындағы арнайы ұсыныс құзырлы министрлік тарапынан қолдау тапса, ауыл тұрғындарының табысы артатынына сенім білдірді.
– Мемлекет басшысы айтқан 7 экожүйенің бірі – ет бағыты бойынша Батыс Қазақстан облысының әлеуеті жоғары. Бүгінде өңірдегі мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған шаруалар ірі қара малды табиғи жайылымды жерлерде өсіруде. Ал далада өскен мал экологиялық таза өнім беретіні баршаға мәлім, – деген өңір басшысы облыста отарлы мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік молынан екенін айтты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы