«Үркердегі» әділетсіздік қашан тыйылады?
Уәж айтамын деушілерге есік ашық
Редакциямызға хат келіп түсті. «Бақсам бақа екен» демекші, көз жүгірітп қарасақ, өзін Әділет Аманұлы деп атаған журналист жақында ғана аталып өткен «Үркер» ұлттық сыйлығы туралы базынасын жеткізіпті. «Жігітінен қазақтың дос таба алмай, қыз да болсаң мен саған мұң шағамын» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев айтпақшы, «Аса қадірлі Сәуле Мешітбайқызы!» деп бастаған хатының басында Сәуле Мешітбайқызының, атағы Алатаудай «Ұлттық сыйлық» туралы 3 жылдың алдында жазған «Ұлттық реңктен жұрдай жиын» атты қалыс пікірін еске алыпты. Әрі «Бұл хатты сізге арнайы жазып отырмын. Ең алдымен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Айда Балаева ханымның атына жазбақ болғаным рас. Алайда әділдіктің ақ жолынан таймайтын ұстанымыңызды бағалап, айтар сөзім ел басқарып отырған ұлықтарға, бұқараға сіздің «Elana.kz» сайтыңыз арқылы жетеді деп үміттендім» деп жөнін түсіндірген екен. «Elana.kz» сайты редакциясы хат иесінің өтінішін жерге тастамай, сол күйінде оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бірлесе өткізген «баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін берілетін, талантты журналистер мен шығармашылық ұжымдарды анықтау, олардың кәсіби журналистиканы дамытуға қосқан үлестеріне құрмет көрсетуді» мақсат ететін ұлттық сыйлық туралы жеке пікірін көпшілік талқысына тастауды ұйғардық.
Біз өз тарапымыздан ештеңе алып-қосқымыз келмейді. Егер бұл мақалада айтылған ойларды құптасаңыз немесе қарсы уәж айтамын деушілер болса есігіміз ашық, осы мақалаға қандай да бір қарсы пікірлеріңізді осында жариялап отыруға пейілдіміз. Ендігісі көптің еншісінде…
Құрметпен: «Elana.kz» ақпараттық,
танымдық сайты редакциясы
«Үркердегі» әділетсіздік қашан тыйылады?
Аса қадірлі Сәуле Мешітбайқызы!
Бұл хатты Сізге арнайы жазып отырмын. Ең алдымен, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева ханымның атына жазбақ болғаным рас. Алайда, әділеттің ақ жолынан таймайтын ұстанымыңызды бағалап, айтар сөзім ел басқарып отырған ұлықтарға, бұқараға Сіздің «Елана.кз» сайтыңыз арқылы жетеді деп үміттендім. Бұған себеп болғаны, ұмытпасам осыдан үш жыл бұрын, Сіз осы «Үркер» сыйлығы туралы өте өткір мақала («Ұлттық реңктен жұрдай жиын», 30.06.2017. «Елана.кз», https://www.elana.kz/%D2%B1ltty%D2%9B-re%D2%A3kten-zh%D2%B1rdaj-zhiyn-%D2%AFrker-%D2%B1l/) жазып, көзбен көрген, құлақпен естіген келеңсіздіктер мен кемшіліктерді батыл айыптап, қоғамның талқысына шығарып едіңіз. Өзім осы байқауға үш жыл қатарынан қатысып, бағымды сынап көрдім. Бірақ бұл Сіз жазғандай, «БАҚ-тың базары емес, белгілі бір тобырдың тойы» екеніне көзім жетті. Сол себептен, Сіздің үш жыл бұрынғы жаныашырлықпен жылатып айтқан аналық ниетіңіздің әлі күнге дейін ескерілмегенін, тіпті ол аз болғандай былық-шылықтың ордасына айналғанын айтқым келеді. Сөзімнің тоқ етеріне келейін.
Жасанды таланттар тұғырға шығатын жер
Құрметті шенді-шекпенділер!
Бұл байқаудың өткізілуіне титтей де қарсылығым жоқ. Тек жарыстың бармақ басты, көз қысты дүниеге айналып, БАҚ-ты дамытудың орнына, кері тартып бара жатқанына қатты қынжыламын. «Байдың асын байғұс қазғаныпты» дегендей, мен жеңімпаз болғандардың жүлдесін де қызғанып отырған жоқпын! Мәселен, биыл Шерағаңның атындағы арнайы жүлдені мықты публицист Қайнар Олжайдың алғанына қуандым. Бірақ, басқа жүлдегерлердің есімі жария болғанда, әділдіктің ақ туын табанға салғанын көрдім. Сол себептен, туғаныма жақпасам да, турасын айтуды жөн санадым. Айтпаса, сөздің атасы өледі деп, қолыма қалам алдым.
Нағыз талантты журналистердің мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетеді деген ниетпен өткізіліп келе жатқан байқау қазір неше түрлі былық-шылықтардың ордасына айналды. Өйткені, онда әділдік, туралық, шындық жоқ. Министр ханымға (Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны айтып отырмын) сөзі өтетін, жоғары лауазымы бар адамдар (аттарын атамай-ақ қояйын) арын сатып, өздері қалаған үміткерлерге жүлде алып беруде. Соның кесірінен, небір талантсыз, талапсыз журналистер «Үркердің» лауреаты атанып, масайрап жүр. Осылайша, әу баста тап-тамаша бедел жинаған жарысты былықтырып жіберді. Соның нәтижесінде нағыз таланттар тасада қалып, жасанды таланттар тұғырға шығатын болды. Осы да әділдік пе?
Бүйтетін болсақ, бұл байқауға «ұлттық» деп айдар тағудың түкке қажеті жоқ. Ұлт, ел деген ұлы атауларды әділетсіздік, тамыр-таныстық, өтірік, былық-шылық жайлаған жарысқа несіне қор қыламыз? Одан да министрлікке ләппайшыл, билікке бағынышты жасанды жұлдыздардың жарысы дей салайық.
Президенттің саясатына шенділердің өзі қарсы ма?
Сөзім мен ойым дәлелді болуы үшін, нақты дерек, айғақтар келтірейін.
Біріншіден, «Үркерге» қатысатын әр үміткер (ереже бойынша) екі номинация бойынша бір-бір материалын ғана жолдай алады. Сонда журналистің бір мақаласына не зерттеуіне қарап, адамның қарым-қабілетін, шеберлік деңгейін қалай бағалауға болады? Ережені жазғандардың осыған ақылы қалай жетпеген? Бұдан шығатын қорытынды: қазылар алқасы әр номинация бойынша жеңімпазды өздері таңдамайды деген сөз.
Екіншіден, қазылар алқасының жұмысында ашықтық, үміткерлерді іріктеуде ешқандай әділдік жоқ. Қазылардың жарысқа қатысқан журналистердің жұмысын қалай оқып, бағалап, іріктейтінін ешкім білмейді. «Қазаншының еркі бар қайдан құлақ шығарса» дегендей, қазылар алқасының мүшелері әлгі министрге сөзі өтетін дөкейлерге қарсы сөйлей алмаған соң, қолында барлар қонышынан баспай ма? Байқау басталмай жатып-ақ, қандай номинация бойынша кімнің жеңімпаз болатыны алдын-ала шешіліп қоятыны былық емей немене?.. Бұл – шынайы таланттардың жолын кесу, әділетке қиянат жасау!
Білуімше, бірнеше номинация бойынша жыл сайын мемлекеттік ресми БАҚ-тардың журналистері жүлдегер болып жүр. Биыл ресми 6 БАҚ-тың өкілі жеңімпаздар қатарынан көрінді. Әсіресе, «Егемен Қазақстан» газетінің журналистері номинант не жеңімпаз бола қалады. Биыл да егемендіктер үш номинация бойынша номинанттар қатарына шығарылып («Жылдың үздік репортажы» — А. Есалиева, «Жылдың үздік сұхбаты» — Г. Сабаева, «Жылдың үздік танымдық материалы» — А. Әбілұлы), Г. Сабаева жеңімпаз атанды. Олай болса, бұл ұлттық сыйлық емес, «Егеменнің» және басқа ресми БАҚ-тардың журналистеріне арналған сыйлық деп неге атамайды?
Үшіншіден, ережеде жазылғандай, «білікті» қазылар алқасын құрудың да қажеті жоқ. Бұл жерде біліктіліктен гөрі, ләппайшылдық бірінші орында тұрады. Әділдік, шыншылдық принциптері жоқ жерде, қазылық етудің керегі не? Өйткенше, әлгі қазылар алдын-ала таңдалған адамдарға шүлен таратқандай, жүлделерін үлестіріп берсін. Басқа журналистер бұл байқауда жүлдегер болудан дәмеленбей-ақ қойсын! Қазылар алқасының әрбір мүшесі үміткерлердің арасынан өзі таңдаған талантты, шын жүйрікті номинанттар қатарына қоса алмаса, несіне алтын уақытын бөліп, бармақ басты, көз қысты алқаға мүше болады?
«Үркерді» өзінің мүддесіне бұрып, былық-шылықтарға батырып отырған тасадағы адамдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жүргізіп отырған саясатына қарсы жұмыс істеуде. Қарсылық қылғаны емей немене, Президент биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында: «Әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты» деп қай жерде болмасын әділдікті ту етуді атап көрсетті емес пе? Сонда бұлардың тұтас ұлттың сапасын арттыруға әдейі қарсылық танытып жатқандарына жол болсын?!. Бұл сөзімізге министр А. Балаева ханым не дер екен, өзі?!.
Әділдік жоғалған кезде адамның өмірін мәнді ететіндей ештеңе де қалмайды. Әділдік пен шындық салтанат құрмаған қоғам алға баспайды. «Үркерді» өткізетіндер осыны біле ме екен, әлде, білсе де өз мүддесін ұлт, ел мүддесінен биік қойып, өтірік байқауын ұйымдастыра бере ме? Әй, қайдам. Оларға өзінің күнделікті мансабы, дәрежесі, мүддесі, мақсаты бәрінен қымбат. Көзі соқырдан көңілі соқыр жаман дейді. «Елана» сайтының бас редакторы, нағыз ел анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызының «Ұлттық реңктен жұрдай байқау» дегенін «Әділетсіздіктен жұрдай, журналистиканы тоқырататын байқау» деп өзгертуімізге тура келіп тұр, меніңше.
Құрметті Сәуле Мешітбайқызы!
Құрметті оқырмандар!
«Ұқпасқа айтқан сөз жетім» деген Төле би бабамыздан өлмес сөз қалыпты. Мен шын сөзімді көзі ашық, көкірегі ояу жұрт ұғар, одан бір ой түйер, қорытынды жасар деген ниетпен жазып отырмын. Шындықты шырақ еткен халқым үнсіз қалмас деп ойлаймын. Әйтпесе, «ауруын жасырған өледі». Бұл бетімізбен кете берсек, Президент айтқан жаңарған, жаңғырған ұлтқа айнала алмаймыз. Жауапсыздық, әділетсіздік тыырыққа тірейді. Бұғып жатпай, батыл ой-пікірлеріңді айтарсыңдар, бауырлар!
Құрметпен,
Әділет Аманұлы, журналист