Мерекедегі мерейлі істер

Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданына қарасты Мереке ауылдық округінің жас келіндері мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіппен айналысып, өз мүмкіндіктерін пайдалануда.

Мереке ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Мейрам Мұхтаровтың айтуынша, ауыл келіндері нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайтарымсыз мемлекеттік грантты иеленген.

– Ауылымыздың Айгүл Сариева, Айдана Кенжешова, Айжарқын Есекенова және Жанерке Омарғалиева есімді төрт тұрғынының әрқайсысы 555600 теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды. Алғашқы үшеуі бұл қаржыға қой малын сатып алса, соңғысы бұл қаражатты тігіншілік кәсіппен айналысуға жаратты, – деді Мейрам Оңғарұлы. Осылайша кәсіп бастап, шаруашылыққа ден қойған келіндер онлайн оқу курстарына қатысып, жеке кәсіптерін бастап та кетіпті.

867 тұрғын қоныстанған Мереке ауылы аудан орталығынан – 70, ал облыс орталығынан 170 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Биыл ауылда атқарылған игілікті істер аз емес екенін білдік. Ағымдағы жылы «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының арқасында ауыл халқы таза ауыз суға қол жеткізген. Ауылдағы дәрігерлік амбулатория ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мерекеліктер үшін пайдалы болған тағы бір жақсы жаңалық – елді мекеннің тұсынан өтетін Тасқала-Аққурай тас жолына асфальт төселуі. Ауылдағы 40 жылдық тарихы бар орта мектеп жанында балабақша мен шағын орталық жұмыс жасайды. Сондай-ақ Мерекеде Мәдениет үйі де бар екен.

Жалпы Мереке ауылында 14 пен 29 жас аралығындағы 100-ден астам жас бар. Олардың ішінде студенттер де, жұмысбастылар да бар. Сонымен бірге ауылдағы он шақты жас кәсіпкердің негізгі табыс көзі – мал шаруашылығымен байланысты.

Ең басты игілікті іс – ауылдағы 5 қызы бар көпбалалы жас отбасының қайырымды адамдардың көмегімен баспаналы болуы. Бұған Мереке ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы М.Мұхтаров пен Тасқала аудандық «Екпін» қоғамдық-саяси газетінің редактор-директоры Темірболат Тоқмамбетов себепші болып, асар жасап, халықтан жиналған бір миллион теңге қаражатқа мұқтаж отбасыға ауылдан үй алып берген.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы