Тыныс алу құрылғыларын табыс етті
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстандағы өкілдігі өңірдегі жанашыр азаматтардың қолдауымен қайырымды іс жасады.
Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы баспасөз қызметі мәлімдеді. «Бірлік бар жерде, тірлік бар» екенін дәлелдеген Ақ Жайық азаматтарының игі бастамасы – көпке үлгі. ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен облыстағы жомарт азаматтар облыстық аурухана мен аймақтағы Ақжайық, Бөкей ордасы аудандарына төрт дана оттегі концентраторын табыстап қолдау білдірді.
ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамы Мұратбек Қыстаубаев игілікті істің басы-қасында жүрген жерлестерімізге ризашылығын жеткізді. Орал орталық мешітінің наиб имамы Самат Әлібаев аталған құрылғының ерекшелігі – ауаны тазалап, науқасқа қажетті оттегіні реттеп жіберетінін айтты. – Медицицна мамандары аппараттардың дертке шалдыққан жандар үшін тиімді екенін айтып отыр. Бұл бастама өте сауапты істердің бірі, – дейді наиб имам.
Жаны жомарт жандардың арқасында тыныс алу құрылғыларына қол жеткізген жергілікті дәрігерлер халық денсаулығы жолында аянып қалмайтындарын жеткізді. Сонымен қатар «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында Орал қаласында 25 отбасы мен Ақжайық ауданындағы 15 отбасыға азық-түлік пакеттері үлестірілді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы