Төтеншеліктер сақ болуды ескертеді

Батыс Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ұдайы ескертіп келеді.

Осы аптада облыс орталығындағы тұрғын үйлердің бірінен шыққан өрт оқиғасы қауіп-қатер аяқ астында екенін тағы бір мәрте еске салды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі мәлімдегендей, 16 қараша күні түскі уақытта Орал қаласындағы өрт сөндіру мекемесінің күштер мен құралдарды жедел басқару орталығына қала маңындағы Деркөл кентінде жеке тұрғын үйден өрт шыққаны жөнінде хабар түскен. Өртті барлау кезінде бес литрлік газ балонының жарылу салдарынан жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын баспананың 50 шаршы метр қабырғасы мен шатыры жанып, опырылып құлағаны анықталған. Оқиға орнынан күйік шалған 1979 жылғы азаматша қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілген. Өрт сөндірушілер қызыл жалынды екі-үш сағаттың ішінде ауыздықтаған.

Жалпы өңірімізде ағымдағы жылы 554 өрт оқиғасы орын алған. Оның ішінде 335 жағдай тұрғын үйлердің өртенуімен байланысты. Ал газ балонының жарылуынан шыққан өрт оқиғасы облыста алғаш рет тіркеліп отыр. Жыл басынан бері тілсіз жаудың салдарынан төрт адам қаза тапса, тоғыз адам түрлі жарақат алған. Төтеншеліктер тұрғындарды үйдегі газ құрылғыларын, тұрмыстық электр құралдарын, электр жылытқыштарды, жанып тұрған пешті бақылаусыз қалдырмауға шақырады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы