Ажарлы ауыл Алғабас

Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданына қарасты Алғабас ауылдық округі үш елді мекеннің басын құрайды. Тұрмысы жайлы, шаруасы келіскен ауыл тұрғындарының тіршілігі қалалықтардан кем емес.

Ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстардан хабардар еткен ауыл әкімі Өркен Әменов алдымен жергілікті жұртшылықтың басты тіршілік көзі – мал және егін шаруашылығы саласына тоқталды.

 

 

– Округтегі ауыл шаруашылығы саласындағы 40 шаруашылық құрылымында 81 адам жұмыс жасайды. Биыл округ бойынша бидай, арпа сынды дәнді дақылдар мен екпе шөп көлемі 700 гектарды құрап, орташа өнімділік 5,0 центнерден келіп отыр. Барлық алынған өнім – 230 тонна. Ал ауылдағы мал басына келсем, бүгінде ірі қара – 3616, жылқы – 2139, ұсақ мал – 9611, құс 2035 басты құрайды, – деді Өркен Самиғоллаұлы.

Алғабас ауылындағы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Беркәлі» және «Бастау» шаруа қожалықтарындағы мал саны 226 басқа жеткен. Осы жылы агрокредиттік корпорация арқылы 53 млн. теңге несие алған «Айберген» ЖШС мен «Миллат» ш/қ жылқы мен ірі қара малын сатып алыпты. Ауылда мемлекеттің қолдауын көріп отырған мұндай шаруалар баршылық екен. Ал мал азығын дайындау бойынша жоспар 97,3%-ға орындалған, оның үстіне былтырғы жылдан артылғаны да бар. Тұрғындардың қолда бар малының сақтығы үшін барлық ветеринариялық іс-шаралар толығымен жүргізілген.

 

 

Ауылда адал еңбекпен несібесін тауып отырған кәсіп иелері де аз емес. Округтегі 30-дан астамды жұмыспен қамтып отырған 31 кәсіпкерлік нысанының біреуі – шаштараз, үшеуі – сауда нүктесі, екі кафе, бір тігін ательесі мен пластикалық терезе жасау орны халыққа қызмет етеді. Бұлардан бөлек мал шаруашылығымен айналысатындар да осы санатты толықтыруда. Әрине, қазіргі уақытта пандемияға байланысты кафелердің жұмысына шектеу қойылса, қалған нысандар санитарлық талапқа сай жұмыс жасауда.

Осы округті құрайтын үш елді мекенде 327 үй болса, жалпы халық саны – 1456. Осы Алғабас, Жаңаөңір және Сасықкөл ауылдарының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ағымдағы жылы ауылға 21 адам жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы жұмысқа қабылданса, 39 тұрғын – маусымдық жұмыстарға, төрт жас – жастар практикасына, 71 азамат – қоғамдық жұмыстарға тартылған. 2020 жылы 38 отбасына 9 млн. 741 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленген. Әр отбасымен жасалған келісімшартқа сәйкес жұмыссыз жанұя мүшелері де назардан тыс қалмай, қажетті шаралар қолға алынып келеді. Тоғыз ай ішінде барлық қаржы көздерінен 1771,1 мың теңгеге қаржылай көмек көрсетілсе, бұдан бөлек мұқтаж азаматтарға материалдық жәрдем берілген. Сонымен қатар округтегі көпбалалы 20 отбасыға жәрдемақы тағайындалған.

 

 

Бүгінгі таңда шаруасы келіскен елді мекен аумағында орта мектеп және оның жанында балабақша мен шағын орталық, бір дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік пункт, Мәдениет үйі мен 2 кітапхана жұмыс жасайды.

Ауыл әкімі Өркен Әменов ең өзекті деген жол мәселесіне тоқталып: – Округте 30 шақырым аудандық маңыздағы, 12 шақырым ауылішілік жолдар бар. Өткен жылы ауылға кіретін екі шақырым жол жөнделсе, биыл ауыл ішіндегі С.Датов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді. Округ бойынша түрлі санаттар бойынша 22 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Ауыл әкімінің айтуынша, бұлардан бөлек баспанаға зәру отбасылар да бар.

Елді мекендегі тұрғын үйлердің 85 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етіліп, ауыл тұрғындарының 70 пайызының үйлеріне ауыз су құбыры тартылған. Жалпы Алғабас

ауылы бойынша 2 су ұңғымасы арқылы 9 суағарға ауыз су жеткізілген. Округ аумағындағы Жаңаөңір, Сасықкөл ауылының тұрғындары ауыз суды қоғамдық құдықтан пайдаланады. Енді алғабастықтар «Ақбұлақ» бағдарламасының игілігін көруге ниетті, себебі бұл жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде.

 

 

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында интернет желісінің жылдамдығын арттыру бағытында талшықты-оптикалық байланыс желісі Алғабастағы үш нысанға қосылған. Құжат айналымын электронды жүргізу мақсатында жергілікті әкімдік аппаратына «ЛОТУС» электронды құжат айналымы ақпараттық жүйесі орнатылған. Сонымен қатар әкімдік ғимаратында тұрғындарға арналған «Өз-өзіне қызмет көрсету» бұрышы жасақталып, осы жылдың 9 айында ЭЦҚ арқылы 187 азаматқа қызмет көрсетілген.

Әрине, ауыл тынысында «әттеген-ай» дегізер жайттар да баршылық. Есепті мерзімде орын алған төрт қылмыстық оқиғаның үшеуі ашылған. Түйіні шешілмеген бір факті мал ұрлығына қатысты болып отыр. Жыл басынан бері 63 әкімшілік хаттама толтырылып, 301 798 теңгеге айыппұл салынып, оның 94 %-ы өндірілген. Бүгінгі күні 10 тұрғын үй құрылысына ЖСҚ жасақталғанымен, қаражат мәселесі әлі күнге шешілмепті. Мектеп пен Мәдениет үйі ғимараттарын жөндеп, айналасын абаттандыру, Жаңаөңір ауылындағы фельдшерлік пунктке газ кіргізу (бұл нысан облыстық денсаулық сақтау басқармасының меншігінде екен), елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту – келер күннің еншісіндегі басты мәселелер.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы