Тарихи мұраны сақтау – басты мақсат
Батыс Қазақстандағы «Жайық қалашығы» деген атауға ие болған тарихи-мәдени ескерткіш Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еліміздегі киелі орындар қатарынан ойып тұрып орын алды.
Облыс орталығы – Орал қаласына жақын маңнан, Жайық өзенінің жағасынан табылған ескі қаланың орны көптеген тарихи мәліметтерді жаңғыртты. Кейін «Жайық қалашығы» деген атауды иеленген нысан Қазақстанның киелі орындарының қатарына енгізіліп, рухани жаңғыруға бет алған еліміздің, қала берді өңіріміздің рухын тағы бір асқақтатты. Оның үстіне бұл ескерткіш көне Орал шаһарының тарихы тереңнен басталады деп жорамалдап жүрген тарихшылар мен өлкетанушылардың ғылыми дәлелдемелерін айғақтай түсті.
Еске сала кетсек, ортағасырлық кезеңге жататын қалашық облыс орталығы – Орал қаласынан оңтүстік бағытта, 12 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол 2001 жылы «Ақсай – Үлкен Шаған – Атырау» құбыржелісінің бойын тексеру жұмыстары кезінде табылған болатын. Археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ғалымдар бұл тарихи ескерткіштің Алтын Орда дәуірінде жоғары өркениетті орталық болғанын, қаланың ХІІІ-ХІV ғасырларға жататынын дәлелдеді. Қалашықтағы археологиялық қазба жұмыстарын Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығы мен Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы тарих және археология институтының мамандары бірлесе жүргізді.
Жалпы көлемі шамамен жеті-сегіз гектарды құрайтын ескі қаланың орнына жүргізілген қазба жұмыстары кезінде тұрғын жайлар, еден асты жылыту жүйесі бар шығыс моншасы, кірпіш және әктас күйдіретін пеш қалдықтары, басқа да тұрмыстық жәдігерлер табылды. Сонымен бірге қалашықтан екі шақырым қашықтықта табылған екі кесененің қирандысы да көне тарихтың біраз мұрасын бүгінге оралтты.
Бүгінгі Орал шаһарының іргетасы саналатын Жайық қалашығының меншік иесі – облыстық тарих және археология орталығы болып табылады. Бұл орталық мамандары тарихи орынды үлкен нысанға айналдыру жұмыстарын бастап кеткені жайлы басылым беттерінде жазылып жүр. Олар Жайық қалашығына кіреберістегі қос кесененің қасындағы сарматтар кезеңіне жататын обада қазба жұмыстарын жүргізіп, адамдардың мүрдесі мен басқа да жәдігерлер тапқан. Сонымен қатар ескі қаланың орнынан табылған мүрделерді ғылыми негізде зерттеу жұмыстарын антрополог мамандармен бірлесе жүргізу көзделуде.
Жайық қалашығының болашақтағы сұлбасы облыстық тарих және өлкетану музейінде сақтаулы. Тағы бір айта кетерлігі, біз сөз еткен теңдессіз мұрамызды ашық аспан астындағы музейге айналдыру мәселесі де көтеріліп келеді. Басты мақсат – тарихи және мәдени мұраны сақтау, оны көпшілікке таныстыру, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамыту, ескерткішті келер ұрпаққа аманаттау.
Жайық қалашығында жүргізілген қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген археологтардың бірі Мұрат Қалменов ескерткішті тереңірек зерттеудің өзекті екенін алға тартады.
– Көне шаһардың орнында 2002-2005 жылдары Алматыдағы Әлкей Марғұлан атындағы археология институты мен Батыс Қазақстан облыстық тарих және археология орталығының мамандары бірлесе жұмыстанып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. 2012 жылдан бастап облыстық орталық мамандары зерттеу жұмыстарын қайта жалғастырды. Ескі қаланың орнынан көптеген тарихи құнды жәдігерлер табылды. Археологиялық зерттеулер нәтижесі біздің өңірімізде ХІІІ ғасырда қалалық мәдениет қалыптасқандығын дәлелдеп отыр. Бұл жаңалық 2012 жылы облыстық тарих және археология орталығы ұйымдастырған халықаралық конференцияда ғалымдар тарапынан мақұлданды. Бұл тарих және мәдениет ескерткішін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, нәтижесін насихаттау – өзекті ғылыми және мәдени маңызға ие. Бұл өз кезегінде тарих ғылымында анағұрлым зерттелмеген орта ғасырлардағы тарихымыз туралы білімімізді кеңейтуге, қазақ жұртшылығы мен Жайық өңірінің басқа да халқының этногенездік процестерін тереңірек түсінуге, бұрмаланған тарихи фактілер мен шешімдерден ашық түрде бас тартуға мүмкіндік береді, – дейді ғалым. Айтуынша, соңғы кездері жергілікті жоғары оқу орындарында тарих мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер мен оқытушылар Жайық қалашығы ескерткішінде сарамандық жұмыстар жүргізіп келеді. Басты мақсат – облыстағы тарихшы мамандарға археология ғылымының негіздерін үйрету, олардың осы саладағы біліктіліктерін дамытуға ықпал ету.
Жыл сайын оралдықтар қыркүйек айында «Қала күні» мерекесін атап өтеді. Соңғы жылдары осы айтулы мерекелік іс-шараны Жайық қалашығынан бастау жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл – көне тарихқа бетбұрыс жасай отырып, тұрғындарды туған өлкеміздің мәдениетімен таныстыру, ежелгі дәуірден жеткен мәдени мұрамызды сақтауға шақыру мақсатын көздейді. Келешекте Жайық қалашығының орнында ашық аспан астындағы музей жасақталса, иен даламыздың көркі кіріп, бұл жер туристердің назарын аударар ерекше кешенге айналарына сенім зор.
Ләззат ҚАЖЫМОВА