Ділдә апаның сыр сандығынан…
Төрт жылдай төсек тартып жатып қалған атамыздың жанынан енем екеуміз үйіріліп шықпайтынбыз. Шашын , тырнағын алып, мұртын басып, иіссуын шашып, шыттай ғып киіндіріп қоятынбыз. Әлсін-әлсін төсегін ауыстырып, қағып-сілкіп отырғандықтан жамбасы бір тесілмеді. Тамағын қасықпен аузына тосып мәпелеймін. Көңіліндегі ризашылығы-дағы: Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, Екі баласы бардың болар-болмас хәлі бар, Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар, Төрт баласы бардың төрт құбыласы тең болар, Бес баласы бардың ешкімге дес бермейтін жөні бар» деген, келін айналайын, бауырың құтты болды, жалғызымның соңынан бес тұяқ ерді. Бәрі сенің арқаң. Екі дүниенің қызығын көр, — деп ризашылығын білдіріп, айналасында «аталап» отырған немерелерін емірене иіскейтін. Бұрынғының адамы әулие ғой, бұ дүниелік еместігін сезді ме, сырқаты меңдеп қызуы күрт көтеріліп мені жанына шақырды.
-Ділдәжан, қолыңды жайшы, бата берейін деп едім,- деді. Алақанымды кең жайып аяқ жағына жүрелей кеттім.
-Халқыңның санасы бол,
Ортаңның дарасы бол,
Ағайынның данасы бол,
Жағың түспей жамандық көрме,
Бар елдің анасы бол!
Әумин! — деді де жастығына басын қойды. Ақ мылтық ажалдан тез не бар бұ жалғанда? Көзді ашып жұмғанша атамыз дүниеден шыр айналып жүре берді.
Ақ жуып арулап, мәңгілік мекеніне аттандырдық. Жанымның жалауы, өмірімнің ұстазы болған қайран атам-ай, орның бір күнде үңірейіп қалмады ма?.., — деп атасын жоқтауында үлкен мән жатыр емес пе? Жанымыздағы үлкендеріміздің қадіріне жете алып жүрміз бе, ойланайықшы?
Дайындаған : Сәлима ҚАСЫМБЕК