Жаңақаланың белсенді жастары
Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы бойынша volunteer07.kz сайтына 400-ден астам волонтер, 12 мекеме тіркелген.
Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының жастарды жұмысқа орналастыру жөніндегі маманы Қобыланды Сапиуллин жыл басынан бері еріктілермен 200-ден астам қайырымдылық іс-шара өткізіліп, 500-ден астам волонтер қамтылғанын айтты.
«Волонтерлар жылы» аясындағы жеті жалпыұлттық жобаны жүйелі жүзеге асыруды көздеген жаңақалалық еріктілер 74 шара өткізіп, 282 волонтер осы іске атсалысқан. Алғашқысы «Birgemiz: Qamqor» жобасында аз қамтылған, көпбалалы соғыс және тыл ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға қамқорлық көрсетілген. Нәтижесінде елуден астам іс-шара ұйымдастырылып, оларға сексеннен аса ерікті тартылған. Медициналық көмек көрсетуге бағытталған «Birgemiz: Saylyq» жобасы аясында өткізілген 18 шараға 124 волонтер қатысқан. Ал «Birgemiz: «Bilim» жобасы бойынша 26 еріктінің қатысуымен бес волонтерлық көмек көрсетіліп, ауылдық мектептердің жоғары сынып оқушыларын ҰБТ-ға дайындау, ағылшын тілі мен компьютерлік сауаттылыққа оқыту жұмыстары жүзеге асырылған. Ата-ана қамқорлығынан айырылған жеткіншектерге қолұшын созуға «Birgemiz»: Sabaqtastyq» жобасы ұйытқы болған. Осы бағытта екі шара ұйымдастырылып, оған тоғыз волонтер атсалысқан. «Birgemiz: Asyl mura» жобасы материалдық және рухани мәдени-тарихи мұраны сақтау мақсатын көздесе, «Birgemiz: Taza alem» жалпыұлттық жобасы қоршаған ортаны қорғауға бағытталған. Соңғы екі жоба бойынша бес шара ұйымдастырылып, оларға қырық шақты волонтер қамтылған. Ал соңғы «Birgemiz: U’mit» жобасы бойынша әзірге ешқандай шара өткізілмепті. Бұл – хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге еріктілерді тартуға бағытталған жоба болғандықтан, мұны кемшілікке емес, жақсылыққа баладық.
Төтенше жағдай кезінде және карантин режимінде ортақ іске белсене кіріскен жаңақалалықтар елмен бірге жұқпалы індетке тосқауыл болу шараларына атсалысқан екен.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы