Екінші оқу тоқсанының барысын баяндады

Батыс Қазақстан облысында оқу жылының екінші тоқсаны басталды, оқыту бірінші тоқсанның форматы бойынша жүргізіледі.

Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында болған кезекті баспасөз мәжілісінде мәлім болды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары С.Темірғалиеваның айтуынша, қазіргі таңда өңірдегі 379 мемлекеттік мектептің 251-і штаттық режимде, 128-і қашықтан жұмыс жасайды.

– Жалпы мемлекеттік мектептердегі оқушылар контингенті 111 мыңнан асады. Олардың 20%-ы (22868 оқушы) штаттық режимде, 48%-ы (53640) қашықтан оқытылуда. Бастауыш сынып оқушыларының 57%-ы (34684), мектепалды даярлық сыныптарының 54%-ы (4286) кезекші сыныптармен қамтылған. Барлық штаттық режимдегі және кезекші сыныптары бар мектептердің, колледждердің, мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып ұйымдастырылуда, – деген Светлана Ибрагимқызы оқушылар мен колледж студенттері арасында ауру жұқтыру оқиғалары тіркелгенін жасырмады. Бүгінгі таңда осындай 83 жағдай тіркеліп, оның 24-і жазылып шығып сабақтарына кіріскен.

Білім беру ұйымдарында санитарлық нормалардың сақталуы жергілікі әкімдіктер мен жауапты мекемелер тарапынан қатаң қадағаланады. Қашықтан оқитын мектеп оқушыларын тиісті құрылғылармен, интернетпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілген. 17959 оқушы қайтарымды негізде мектептер балансындағы компьютерлермен қамтылған. Бұл ретте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар бірінші кезекте назарға алынған.

Басқарма басшысының орынбасары өз баяндамасында педагогтермен және оқушылармен жүргізілетін жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар оқу процесін ұйымдастыру бойынша сауалдарға жауап беретін Call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылғанын жеткізді.

«Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы негізінде ғана мектептердің оқу форматын өзгерту туралы шешімдер қабылданады» деді С.Темірғалиева.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы