БҚО-да тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда

 

Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысына 21,1 млрд. теңге қаражат бөлінген.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл қаражат 17 көппәтерлі тұрғын үй (2503 пәтер) және ауылдық жердегі 139 тұрғын үй (474 пәтер) құрылысына бағытталған.

Облыс орталығы – Орал қаласында «Ақжайық» шағынауданының құрылысы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда инженерлік желілер өткізіліп, тұрғын үйлер салуға алғашқы инвесторлар да анықталған. Осы жоба аясында тұрғын үй салу жұмыстарын 2021 жылдан бастау жоспарланған.

Ал облыс орталығында жер кезегінде тұрған азаматтарға тұрғын үй салу үшін жер телімдері соңғы рет 2011 жылы берілген екен. Осыған байланысты өңірде тиісті коммуникациялармен қамтамасыз етілген әлеуметтік жеке үйлер салу үшін Орал қаласы мен аудандарда жер учаскелерін ұсыну бағытында жұмыстар атқарылуда. Айталық, Орал қаласы маңындағы Круглоозерное кентінде 1141 учаскеге арналған егжей-тегжейлі жоспарлау жоспары аяқтала келген. Алдағы жылы инженерлік-коммуникациялық желілер өткізілген соң, кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері беріле бастайды деп күтілуде. Сондай-ақ облыстың Теректі ауданына қарасты Федоровка ауылында 528 жер телімі және Қаратөбе ауданында 144 жер телімі дайындалған.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА