БҚО театрының «сүйінші» жаңалығы

Батыс Қазақстан облысындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі Жасқайрат Валиуллиев «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері атанды.

Қуанышты жаңалықпен бөліскен аталмыш театрдың ақпарат бөлімінің мамандары биыл аталмыш марапатты еліміз бойынша әр салада еңбек етіп жүрген 19 жас иеленгенін жеткізді. Белгілі болғанындай, мемлекеттік сыйлық ғылыми, шығармашылық және журналистика, қоғамдық саладағы жемісті еңбек үшін, сондай-ақ спорттағы зор жетістіктер үшін тағайындалады. Талантты өнер иесі, жерлесіміз Жасқайрат Сәбитұлы «Театр және кино» аталымы бойынша үздік деп танылып, осы сыйлықты еншілеген екен.

Жасқайрат Валиуллиев – Оралдағы Құрманғазы атындағы саз колледжінің («Виолончель аспабы» мамандығы, 2008-2012 жылдар) және Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының («Музыкалық театр және кино әртісі» мамандығы, 2012-2016 жылдар) түлегі. 2016 жылы облысымыздағы Хадиша театрына актер болып жұмысқа қабылданған кейіпкеріміз 2019 жылдан бері көркемдік жетекші қызметін қоса атқарып келеді. Өнер саласында табысты еңбек етіп жүрген актер – Қазақстан театрлар ассоциациясының «Сахнагер – 2018» ұлттық театр сыйлығының «Үміт» номинациясының иегері. Өткен жылы «Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен, «Жыл үздігі – 2019» облыстық жастар сыйлығымен марапатталған.

– Күні бүгінге дейін театр сахнасында жиырмаға жуық әр түрлі рөлдерді ойнадым. Әрине, бұл жолғы жоғары марапат мен үшін тосын сый болды. Өте қуаныштымын. Бұл – тек маған ғана емес, театр ұжымына, өнерге берілген баға деп білемін. Алдағы уақытта да осындай атаққа лайықты қызмет ету үшін қазақ театр өнеріне қызмет етуге бар күш-жігерімді жұмсаймын, – деді актер әрі көркемдік жетекші Жасқайрат Валиуллиев.

Ләззат ҚАЖЫМОВА